Облыстық білім басқармасының басшысы атқарылған жұмыстарды қорытындылады

0 3

Өткен жылы өңіріміздің білімді оқушылары республикалық пән олимпиадалары және ғылыми жобалар байқауларының қорытындысы бойынша 7-ші жыл қатарынан, республикалық ғылыми жарыстардың қорытындысы бойынша 6-шы жыл қатарынан «Ең үздік команда» атанып, I-орынды жеңіп алған. Бұл туралы «ZhambylNews» АА облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Сондай-ақ, Робототехникамен қамтамасыз ету 2017 жылы небәрі 7 мектепте ғана болса, былтыр 152-ге артып, 34 пайызға жеткен. Тараз қаласы мен аудан орталықтарындағы 11 білім ордасы дарынды балаларға арналған мектеп-лицейі болып қайта жасақталды.

Бұл туралы облыс әкімі Асқар Мырзахметовтың төрағалығымен өткен жиында айтылды. Өңір басшысына 2018 жылы атқарған жұмыстары туралы есеп берген облыстық білім басқармасының басшысы Рахия Тұрмағанбетова индикаторлық көрсеткіштердің орындалу барысына тоқталды.

Білім басқармасы былтыр министрлікпен, облыс және аудан әкімдіктерімен арада жасалған меморандум, сонымен бірге аймақтарды дамыту бағдарламасы сынды 5 құжат бойынша жұмыс атқарып, алға қойылған негізгі міндеттерді ойдағыдай орындап шыққан. Оның ішінде өңірде апатты мектептер мәселесі толығымен шешіліп отыр. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында 66 балабақша ашылып, мектепке дейінгі мекемемен қамту үлесі жүз пайызға жуықтаған. Ұлттық бірыңғай тестілеу нәтижесінен республикада үшінші орындамыз. 4 сыныптар арасында оқу жетістігін сырттай бағалаудан төмен көрсеткішке ие болған 107 мектеп бақылауға алынып, ұстаздардың біліктілік деңгейін арттыру мақсатында әдістемелік десанттар жасақталса, оған 8800 мұғалім қамтылыпты.

Басқарма басшысының айтуынша, өңірімізде техникалық және кәсіптік білім беретін 48 колледжде 27396 студент білім алуда. Олардың 35-інде дуалды оқыту жүйесі енгізілген. Алайда, бітірген түлектердің жұмысқа орналасуы ойдағыдай емес.

Асқар Мырзахметов, осы мәселеге талдау жасай отырып, жылына мемлекеттік білім беру грантына бөлінетін 7 млрд теңгенің жүйелі жұмсалуын қадағалауды тапсырды. Яғни, қоғамда сұранысқа ие, маман оқыту арқылы қаржыны үнемдеуге болады. Бұл орайда аудан әкімдеріне зерделеу жұмыстарын жүргізу мен өз өңіріне қажет мамандыққа тапсырыс беру міндеті тұр.

Аймақ басшысы колледждерді өздері оқытқан балаларды келешекте жұмысқа орналасуына кепілдік беруі тиістігін атап өтті. Ол үшін ауылда сенделіп, жұмыссыз жүрген жастарды қажетті мамандыққа оқытудың маңыздылығын баса айтты.

Жиын барысында маман тапшылығы, ата-аналар комитеттері мен мектеп инспекторларының жұмысы, қорғаншылық кеңестерінің міндеттері сынды өзекті мәселелер қозғалды. Сондай-ақ, оқуды сырттай бітірген 143 мектеп директорларының ісін қарау, оқушылар арасындағы тәртіпсіздікті болдырмау секілді шаруарлар назарға алынды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.