«Нұр Отан» партиясының кезекті XVIII съезінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Таразда газ жарылысынан қаза тапқандардың отбасына көңіл айтты. Бұл туралы «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі хабарлайды.
«Мен қаза болған адамдардың отбасыларына, туыстарына қайғысына ортақтасып, көңіл айтамын. Жарылыс болған жерде менің тапсырмаммен комиссия мүшелері құрылып, сол жерге жөнелтілді. Олар оқиғаның мән-жайын анықтап, керекті көмек қолын созады. Бұл жағдайда қажетті адамдарды шақыртып, олардан үйдегі пештің жағдайы жайлы сұрау керек. Бұл іспен енді премьер-министр айналысуы керек пе? Бұл жағдайларға әрбір отбасы жауапты. Бұл қауіпті, газды ұқыпты қолдану керек», — деді Назарбаев «Нұр Отан» партиясының съезінде.
Еске сала кетейік, бүгін Тараздағы Мыңбұлақ шағын ауданындағы көпқабатты тұрғын үйлердің бірінде таңғы 6-лар шамасында жарылыс болды. Соның салдарынан бірнеше адам үйінді астында қалып, 3 адам көз жұмды. Алдын ала болжам бойынша, апат газ қауіпсіздігінің сақталмауынан деген пікір бар. Оқиғаның анық-қанығы тексеру жұмыстарынан кейін нақтыланады. Президент тапсырмасына сай, мемлекеттік комиссия құрылып, апаттың орын алу себебі мен ендігі атқарылар істі үйлестіруге пәрмен берілді. Төтенше жағдайлар комитеті тарапынан қажетті техника мен мамандар жұмылдырылды.
Тараздағы апат туралы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа Үкімет басшысы Асқар Мамин шұғыл баяндады. Президент тапсырмасына сай құрылған комиссияны Премьер-Министрдің орынбасары Жеңіс Қасымбек бастап Таразды бетке алды.
Айта кетейік, апат болған үй 1948 жылы салынған. Жарылыстан 90 пәтерлік үйдің 1-подъезіндегі 15 пәтер зардап шеккен. Әсіресе 1-ші, 2-ші және 3-қабаттарда жарылыс жойқын болып, бетон плиталар опырылып түскен. Жақын маңдағы 47 мектепте зардап шеккен үйдің тұрғындарына ыстық тамақ ұйымдастырылды. Оқиға орнында 260 адам жұмыс істеп жатыр, 40-тан астам техника жұмылдырылған. Дәл қазіргі уақытта оқиға болған жерде көпқабатты үйдің құлаған қабырғаларын көтеріп, тергеу жұмысына кедергі келтірмеу және қауіпсіздік үшін жұмыстар атқарылып жатыр. Ауруханаға түскен 6 адамның үшеуіне дәрігерлік көмек көрсетіліп, жағдайы дұрыс болғандықтан үйлеріне қайтарылды. Үш адам дәрігерлер бақылауында. Олардың біреуі 15 жастағы жасөсіпірім, жағдайы ауыр деп бағаланып отыр.
Дереккөз: 24.kz