Вице-премьер Гүлшара Әбдіхалықова облыс басшыларына бірқатар тапсырмалар жүктеді

0 6

Бүгін Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова Жамбыл облысындағы жұмыс сапарының екінші күнін Қазфосфат ЖШС-нің Жаңа Жамбыл фосфар зауытына барудан бастады. Бұл туралы «ZhambylNews» AA облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

 

Онда Гүлшара Наушақызы қала және аудан әкімдері, ірі кәсіпорын жетекшілері, бизнес өкілдері және кәсіподақ ұйымдарымен кездесіп, арнаулы әлеуметтік көмек көрсету мәселелерін талқылады. Сондай-ақ, қойылған сауалдарға жауаптар берді.

Айта кету керек, «Қазфосфат» ЖШС өткен жылдың қорытындысы бойынша 112,1 млрд. теңгегенің өнімін өндірген. Атап айтар болсақ, Жаңа Жамбыл фосфар зауытында сары фосфор 96,5 мың тонна, натрий триполифосфаты 27,8 мың тонна, ортофосфор қышқылы 41,3 мың тонна өндірілген. Кәсіпорын өнімдері Германия, Түркмения, АҚШ, Дания, Швейцария, Польша, Чех Республикасына, Өзбекстан, Тәжікстан, Украина, Венгрия, Нидерланды және тағы басқа мемлекеттерге экспортталады.

Келесі кезекте Г. Әбдіқалықова Ы. Дүкенұлы атындағы қалалық Мәдениет үйінде тараздық тұрғындармен кездесті. Басқосуға көпбалалы аналар, аз қамтылған отбасы мүшелері, мүмкіндігі шектеулі азаматтар, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері және білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт салаларының қызметкерлері қатысты. Жиында арнаулы әлеуметтік көмек көрсету мәселесі қозғалып, бірқатар сауалдар жауабын тапты. Үкімет басшысының орынбасары кездесуге қатысушыларға мемлекет тарапынан қарастырылған жеңілдіктер мен әлеуметтік төлемдер туралы түсіндірді.

Осы ретте айта кету керек, бүгінде облыста барлығы 44100-ден аса көпбалалы және 14800-ден аса аз қамтамасыз етілген отбасылар бар. Еліміздегі кедейліктің шегі күнкөрістің ең төмен деңгейі 70 пайызға дейін көтеріліп, 20 мың 800 теңге болып отыр десек, осыған орай қайта нақтылауда, өңірдегі аталмыш әлеуметтік көмекті алушылардың саны да арта түскен. Айталық, жан басына шаққандағы табысы кедейлік шегінен төмен 29650 отбасының әлеуметтік картасы түзіліп, онда барлығы 150400 адам қамтылуда. Яғни, 1-сәуірден бастап 29650 отбасы мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекке ие болмақ. Ал, бұған дейін, бұл көрсеткіш 14849 отбасыны, 74517 адамды құраған.

Бұдан соң Гүлшара Наушақызы Тараз қалалық №5 емханаға ат басын бұрды. Емдеу мекемесінде болып, оның жұмысымен танысқан Г.Әбдіқалықова Жамбыл облысындағы алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету мәселелері бойынша жиын өткізді.

Осы күннің екінші жартысында үкіметтік жұмыс тобы Тараз қаласындағы «Жеңіс» саябағына бас сұғып, түрленген саябақты тамашалады. Өткен жылы күрделі жөндеуден өткен саябақтағы Бауыржан Момышұлы ескерткіші, «Жауынгерлік даңқ аллеясы» мемориалды композициясы, Ауған соғысы ардагерлері арналған ескерткіштерін және өзге де нысандармен танысты.

Гүлшара Наушақызының Жамбыл облысындағы жұмыс сапары Жамбыл жоғары политехникалық колледжінде түйінделді. Мұнда Үкімет басшысының орынбасары оқу орнының материалды-техникалық базасымен танысып, колледж студенттерімен еркін форматта кездесу өткізді.

Колледж 1560 орынға арналған. Мемлекеттік және орыс тілдерінде білім беретін білім ордасында 2 оқу, өндіріс кешендері, 420 орындық екі жатақханасы, 74 оқу кабинеттері, 15 компьютерлік класстар, 21 оқушеберханасы, 11 зертханасы, 3 спорт залы, 2 спорт алаңшасы, кітапхана, оқу және акт залдары бар. Барлығы 586 адам еңбек етеді. Оның ішінде педагогикалық құрам – 313. Бұл туралы облыс әкімдігі білім басқармасының басшысы Рахия Тұрмаханбетова айтып берді.

Айта кетейік, аталмыш оқу ордасы осы жылдың қыркүйек айында Жамбыл политехникалық және Тараз химия-технологиялық колледждерінің біріктірілуі аясында қайта жасақталып, өз жұмысың жалғастыруда. Еліміздегі сапалы әрі білікті мамандар даярлауда «Кәсіпқор» республикалық холдингінің 10 жетекші колледждің қатарына енген.

Leave A Reply

Your email address will not be published.