Жамбыл облысындағы емханалардың 74,31% -ы құрал –жабдықтармен толық қамтамасыз етілген

0 11

2019 жылдың 6 айының қорытындысы бойынша Жамбыл облысындағы емханалардың 74,31% -ы  құрал –жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Бұл  туралы  «Нұр Отан» партиясы Жамбыл облыстық филиалындағы «Денсаулық сақтау» бағыты бойынша өткен комиссияның отырысында айтылды.    Жамбыл облысы әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасының басшысы  Марат Жұманқұлов аталған мәселемен қатар кадр тапшылығы жөнінде де  баяндады, — деп хабарлайды  Zhambylnews AA «Нұр Отан» партиясы Жамбыл облыстық филиалының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Елбасы өткен жылғы Жолдауында алғашқы медициналық-санитарлық көмектің қолжетімді болуын қамтамасыз ету қажет деген болатын. Бұл бағытта өңірде нақты жоспар жасалып, алға қойған мақсаттар орындалуда. Мәселен, былтыр өңірдегі медициналық нысандарды  жабдықтауға бюджеттен 2,3 млрд теңге қаралып, 900-ден аса сайман сатып алынған. Ал биыл 1,7 млрд теңгеге 300-ден аса медициналық техника бірлігі алынса, алдағы екі жылда 1,1 млрд теңгеден аса сомаға 321 бірлік техника алу жоспарланған. Осылайша, мемлекет басшысының жергілікті жерлердегі емханаларды 100 % медициналық құрал-жабдықтармен қамту тапсырмасын орындау көзделіп отыр. Ағымдағы жылдың алғашқы жартысында мед.техниканың қолжетімділігі бойынша Жамбыл облысы республикада 7-ші орында. Дегенмен, өсу тенденциясы (2,43%) байқалады (2018 – 71,88%, 2019 – 74.31%).

Денсаулық сақтау саласындағы медициналық қызметтің сапасына кадрлардың тапшылығы тікелей әсер ететіні анық. Мекемелердің тапсырысы бойынша 322 бос орын жарияланған болатын. Оны толтыру мақсатында республикадан 185 жас маман жолданғанымен, әлі де 130-дан аса маман қажеттілігі туындауда. Басқарма мұны өз бетімен келетін оқу орындарының түлектерімен толықтыруды жоспарлап отыр.

Басқарма тарапынан облысқа қандай мамандар қажеттілігі зерделеніп, нәтижесінде  акушер-гинеколог, анестезиолог-реаниматолог, неонатолог мамандарының тапшылығы анықталды . Осыны ескере отырып облыстық бюджеттен 8,7 млн.теңге бөлініп, 9 маманды оқыту жоспарлануда.

Маман тарту үшін әлеуметтік жағдайдың да маңызы зор. Бұл мақсатта биыл жас мамандарға 100 000-800 000 тг дейін әлеуметтік көмек түрін көрсету жоспарланған. Сондай-ақ, тұрғын үй сатып алу немесе салу үшін 1500 АЕК аспайтын несие, 100 АЕК тең сомада көтерме жәрдемақы көзделген.

Жиын соңында комиссия мүшелері медицина саласының өңірде дамуы мен кемшіліктерге жол берілмеуі мақсатында бірқатар ұсыныстар берді. Оның іске асуы мен қадағалау партия бақылауында болады.

Leave A Reply

Your email address will not be published.