Байзақ ауданында ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен семинар-кеңес өтті

0 12

Өткен аптада Бәйтерек ауылдық округінде аудандық ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен ардагерлер ұйымдарының аймақтық семинар-кеңесі болып өтті, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.

Бәйтерек, Сарыкемер, Үлгілі ауылдық округтеріндегі ардагерлер кеңестері, тұрақты комиссиялар мен бастауыш ұйымдар алқаларының мүшелері қатысқан маңызы зор басқосу Бәйтерек ауылдық округі ардагерлер кеңесінде ұйымдастырылды.

Аталмыш аймақтық семинар — кеңес ауылдық округтердегі ардагерлер кеңестерінің жұмысымен танысып, біріндегі атқарылып жатқан жақсы істерді екіншілеріне жарнамалау, орын алып отырған кемшіліктерді болдырмаудың жолын бірлесе қарастыру мақсатын көздеді.

Аудандық ардагерлер кеңесінің аймақтық семинар-кеңесті бәйтеректік ардагерлер кеңесінде өткізуі орынды деп есептеуге болады. Өйткені, Бәйтерек ауылдық округі ардагерлер кеңесі аудан көлемінде ең ірі  ардагерлер ұйымы саналады. Мұнда есепте 950 зейнеткер тұрады.

Осы кеңестің 11 адамнан тұратын алқасы, 8 бастауыш ардагерлер ұйымына, 4 тұрақты комиссия жұмысына жанды басшылық жасап отыр. Ардагерлер кеңесі үстіміздегі жылдың 8 айы ішінде 5 рет алқа мәжілісін өткізіп, онда ардагерлердің әлеуметтік мәселелері, жастар тәрбиесі, ауыл мәдениеті талқыланып, олардың орындалуына ықпал етіп отыр. Сонымен бірге, тұрмысы төмен отбасыларында тұратын ардагерлерге материалдық көмек көрсетуді дұрыс жолға қойды. Жастары 80-нен асқан тұрмысы төмен ардагерлер іріктеліп алынып, ардагерлер кеңесінің ерекше назарында тұрады. Бүгінгі күні олардың саны 9 адамды құрайды.

Осы ардагерлерге жүйелі түрде қант, шай, ұн, тағы да басқа көмектер жергілікті кәсіпкерлердің демеушілігі есебінен берілуде. Бұл игі іс-шараларды ардагерлер кеңесі қадағалап отырады. Кеңес мүшелері жастар тәрбиесімен тұрақты түрде айналысады. Олардың санасына халқымыздың салт-дәстүрлерін тереңірек енуіне ықпал етіп келеді.

Семинар-кеңесте Бәйтерек ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Сабит Айтбаев Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақалаларын ауыл тұрғындары арасында насихаттау, түсіндіру жұмыстарын әрбір кезеңдерде тұрғындармен бас қосқан жиындарда жүргізіп отыратынын айтты. Жиында сөз алған Үлгілі ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Әділхан Сәдуақасов кеңестер мәжілістерінде қандай мәселелер талқыланғаны, қабылданған шешімнің орындалуына ықпал ету жолдары, тұрақты комиссия жұмыстарын ұйымдастырудағы іс-тәжірибені бастауыш ұйымдар жұмыстарында жүргізудегі әдіс-тәсілдер жөнінде өз ойын ортаға салды. Жастарды жұмыспен қамту, оларды шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға бағыттаудың қажеттілігін айта келе, ауылдық округтердегі осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Сарыкемер ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Қыдырхан Оралов еліміздің келешегі — жастар екенін, осы жастар тәрбиесіндегі орын алар басты мәселе оларды еңбек ардагерлерімен кездестіріп отыру қажеттілігін алға тартты. Ардагерлер кеңесінің жастар ісі жөніндегі тұрақты комиссиясы бастауыш ардагерлер ұйымының көмегімен орта мектеп оқушылары еңбек ардагерлерімен жиі-жиі жүздесіп отыратынын атап өтті.

Мағыналы жиынға қатысқан бастауыш ұйым төрағалары мен төрайымдары да өз ойларын ортаға салды. Сарыкемер ауылдық округі «Орталық» бастауыш ардагерлер ұйымының төрағасы Бақтай Сәрсенов бастауыш ұйымдағы атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталса, кеңес жанынан құрылған Аналар алқасының төрайымы Шамшия Жұмабекова аналар алқасының жұмысымен таныстырды. Бәйтерек ауылдық ардагерлер кеңесінің бастауыш ардагерлер ұйымдарының төрайымдары Сәуле Бөлтірікова, Шырын Жанұзақова өздері басқарып отырған бастауыш ұйымдардағы атқарылып жатқан жұмыстар туралы әңгімеледі.

Бұдан кейін аудандық ардагерлер кеңесі тұрақты комиссиясының төрағасы Серік Балабеков аудан ардагерлерінің әлеуметтік жағдайларының жақсаруына бағытталған іс-шаралардың атқарылу барысы, алдағы қолға алынатын жұмыстар жөнінде сөз қозғаса, тұрақты комиссия төрағасы Шәймерден Мырзалиев осы семинарға қатысып отырған ардагерлер кеңестеріндегі құжаттардың толықтырылу жағдайына шолу жасады.

Семинар — кеңес жұмысын қорытындылаған аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кемелбек Беспаев Бәйтерек ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Сабит Айтбаевқа атқарып жатқан жұмыстарына ризашылығын жеткізіп, ардагерлер ұйымдары өз жұмыстарын келешекте жоғары деңгейде атқаратындарына сенім білдірді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.