Өнегелі ауылдың үлгі болар жері көп…

0 1

Тұрар Рысқұлов ауданына жұмыс сапарымен барған ақпараттық топ мүшелерінің халықпен кездесуі Абай ауылдық округінде жалғасты, — деп хабарлайды «ZhambylNews» ақпарат агенттігі.

Жиында облыстық ардагерлер ұйымының мүшесі, Жамбыл облысы мен Тұрар Рысқұлов,Шу аудандарының Құрметті азаматы Қасымхан Төлендиев еліміздің қол жеткізген табыстары мен экрномикалық дамуы, ұлттық және рухани құндылықтарымыз төңірегінде әңгіме өрбітті.

Тұрақтылықты сақтау, халық арасындағы ауызбіршілік, ынтымақ, ұлттық тәрбие, діл мен дін мәселесімен қатар жастардың қоғамдағы рөлі туралы ой бөлісіп, тұрғындармен пікір алмасты.
Ауылдық округ әкімі М.Д.Арыстанбеков ауылдың 99,9% жергілікті қазақ ұлты өкілі болғандықтан, қазақи тәрбие, ұлттық құндылықтарды дәріптеу, ауыл ақсақалдары мен аналарының жастар тәрбиесіндегі рөлі туралы атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.

Елді мекеніміз ынтымақтың ұйытқысы деуге болады. Ауылда 20-ға жуық қырғыз келін бар, олар да қазақы дәстүрді терең меңгерген аналар санатына қосылды,- деген ауыл әкімі жас келіндердің жаппай сәлем салуы,жасына қарамай бейтаныс жандарға ізет жасауы-адами қасиет пен имандылықтың белгісі екенін мақтанышпен жеткізді.
-Бала тәрбиесінде осындай ұлттық тәрбиеге баса көңіл бөлетін аналардың көп болуы -ертеңгі болашақтың іргетасының мықты болуының негізі, — деді Ол.

Басқосуда Аналар кеңесі, Ардагерлер ұйымы ауылдағы отбасылық-әлеуметтік проблемаларды шешуге өз тараптарынан көп ықпал ететіндігі де айтылды. Әсіресе дауласқан екі тарапты біріктіру, ұрысқан ерлі-зайыптыларды татуластыру, жастарға бағыт беру, түзу жол көрсету, зиянды әрекетке құмар азаматтардың салауатты өмір сүруіне көмек беру, мектеп ұстаздарына құрмет көрсете алмаған жас аналармен жеке кеңестер жүргізу сияқты жұмыстардың жүргізіліп жатқаны көңіл қуантты.

Бұл-ауыл әкімдігі тарапынан жүргізілген жұмыстардың нәтижесі.
Барлық әлеуметтік-тұрмыстық жағдай жасалған ауылда дау-дамай, құқықбұзушылықтың болмауы да -осының дәлелі.
Ардагерлер атынан сөз алған Р.Секербеков пен жеке кәсіпкер Т.Көпбаев мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру туралы пікірлерімен бөлісті.

Кездесуге жиналған жұртшылық қоғамдағы мәселелердің барлығына өз көзқарастары бар екендігін,ел дамуына үлес қосатындықтарын жеткізді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.