Ерлікке тағзым

0 1

Биыл Жеңістің 75 жылдығы. 1941 жылдың 22 маусымында басталып, үздіксіз 5 жылға, яғни 1 418 күнге созылған сұрапыл соғысқа Кеңес Одағы құрамындағы республикалардың азаматтарымен қатар қазақстандықтар да қатысты.
Соңғы деректер бойынша Қазақстаннан майданға аттанған 1 млн. 200 мың жауынгердің 600 мыңы соғыстан қайтып оралмады.

Кешегі тарихын ұмытпаған елдің ғана болашағы жарқын болады. Бүгінгі бейбіт күнге жеткізген майдангерлеріміздің ерлігі ешқашан ұмытылмайды.
Сонау қиын-қыстау шақта жанын аямай болашақ ұрпақ үшін қан майданда ерлік танытқан ұлт батырларының қатарында аты аңызға айналған, алтын жұлдызды қаһарман жерлестеріміз сарысулық Ыбрайым Сүлейменовтің есімі әрқашан да бауырларының жадында.

Біздің киелі Сарысу жерінен майданға аттанған жүздеген жауынгерлерімізге – туған жер топырағы бұйырмады.
Қазіргі күнде ерлігі ұрпағына мұра болған Жеңіс солдаттарының қатары жыл санап сиреп бара жатқаны заман ақиқаты.

Дегенмен, бүгінде от пен оқтың ортасынан еліне аман-есен оралған Ұлы Отан соғысының ардагерлері Шәменов Кемелбек, Ібіжанов Қабыл, Маханбетов Мысалы сынды қарт ардагер жауынгерлер ортамызда жүр.
Сонымен қатар көптеген сарысулықтар да соғысқа дейінгі және кейінгі ауданның халық шаруашылығын өркендетуге айрықша үлес қосты.
Олардың есімдері – Сарысу ауданының тарихына Алтын әріппен жазылғаны уақыт шындығы.
Сондықтан да, Отан үшін от кешкен, биік азаматтықтың үлгісін танытқан жерлестеріміздің есімдері біз үшін әрқашанда ардақты болып қала береді. Өйткені, егемен елі барда – ерлер есімі ешқашанда өшпейді.
Мемлекетіміз ардагер ұрпақтың мұң-мұқтажы мен денсаулығын, тұрмыс жағдайын ешқашан назардан тыс қалдырған емес.
Оларға әрдайым үздіксіз әлеуметтік қамқорлықтар көрсетіліп, мемлекеттік қолдаулар жасап келеді.

Біздің Сарысу ауданында да Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің өмірі мен тұрмысы басты назарда болып қала береді.
Сонымен қатар, соғыс ерлерінің есімдері мен ерліктерін ел жадында қалдыру мен сақтау мақсатында көшелерге аттары берілген.
Алдыңғы толқын ағалардың майдан даласындағы жанқиярлық ерлігі мен соғыстан кейінгі ерен еңбегі бүгінгі жастар үшін өшпес өнеге, үлкен ұлағат.
Сондықтан да, әрбір қазақстандықтардың, оның ішінде сарысулықтардың да парызы – осы ұлы құндылықтарды сақтай және қорғай білуінде. Біз бейбітшілік пен еркіндікті, соғыссыз заманды қастерлей біліп, болашақ ұрпаққа таныта білуіміз қажет.
Міне, осындай мақсатта 9 мамыр күні ауданда көптеген онлайн шаралар жүзеге асырылып, қауіпсіздік шараларын ұстана отырып ҰОС-ы және тыл ардагерлеріне лайықты марапаттаулар жасалды.
Жалпы аудан бойынша соғыс ардагері-3, тыл ардагерлері — 119, ҰОС жесірлері — 17.
Осы аталған барша ардагерлер Ұлы Жеңістің-75 жылдық медалымен марапатталды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.