Жақсылық жасаудан жарыса түскендей, қысылғанға қол ұшын созар жастарымыз қуанышқа орай, күн өткен сайын артып келеді. Қарап тұрсақ, жақсылық жасаудан жарысу – тілің жеткенше сырттай тамсана айта жүретін, іштей өзіңе өзіңді риза ететін тамаша жарыс.
Негізінде, ең алғаш осы төтенше жағдай жарияланғаннан бері адамгершілік пен парасаттылықтың айқын көрінісін облыстық ассамблеяның еріктілері — «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының мүшелері көрсетті.
Жақсылық жасау үшін асып-тасқан дүние, байлықтың да қажеті жоқ екен?! Қасиетті Рамазан айының соңғы күндері — үстіміздегі жылдың 21-22 мамыр аралығында «жаңғыру жастары» қаламыздағы әлеуметтік осал отбасылармен қолда барымен бөлісіп, біршама жұртқа қуаныш сыйлады. Атап айтсақ, жалғасын тапқан «Біз біргеміз!» акциясы аясында Тараз қаласының 30 отбасы тағы да азық-түлікпен қамтамасыз етілді.
Мұқтаж жандарды азық-түлікпен ғана қамтып қоймай, Айт мерекесі кезінде дастархандарын түрлі дәмді де тәтті тағамдарға толтырған жастар көптеген отбасыларының жүздеріне қуаныш пен сенім де сыйлай білді.
Жасаған жақсылықты жария ету «Жаңғыру жолы» жастарына басты мақсат емес, халықтың тек желіні жарған індет жайлы ақпараттан хабардар болып қана қоймай, адамдардың ізгілікті іске де сүйсіне қарағандарын қалайды. Волонтер болу – жүректің ісі, яғни шынайы бақыттың көрінісі.
Осыған орай, «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының төрайымы Хамида Тұрдыева былай деді: — «Мейірімділік әлемді құтқарады» деген сөз бекер айтылмаған. Қайтарымын сұрамай, шын ниетпен жасалған жақсылық әрқашан да адамның алдынан шығады. Сондықтан жақсылық жасау кез келген адамның өмірлік мақсаты болуы тиіс. Еліміз үшін осы бір қиын-қыстау кезеңде еріктілердің, соның ішінде өзіміздің атқарған ізгі істеріміздің халыққа көп пайдасы тиюде, – деп, өз замандастарын жақсылық жасауға шақырды.
Қайырымдылық – жаныңдағы нәумез көңілді жан жылуының шуағымен нұрландыратын биік қасиет. Өсіп келе жатқан жастар мен қатарластарына озық үлгі бола білген жергілікті ассамблеяның «Жаңғыру жолы» белсенділері қашанда қайырымды істің жанында.
Жолдарын ашық, болашақтарын жарқын болсын, жаны жайсаң жас ұрпақ!
Жамбыл облысы әкімі аппараты
«Қоғамдық келісім» КММ
Баспасөз қызметі орталығы