Жамбыл облсындағы Сарысу және Меркі аудандарында ешкі шаруашылығы дамып келеді. Бүгінде оның сүтіне сұраныс та жоғарылаған. Ешкі асырап еңбек етіп, напақасын айырып отырғандардың бірі-жаңатастық Айсұлу Тұрсынбаева,-деп жазады «Zhambylnews» АА.
Мемлекет тарапынан ауыл-аймақта тұратын көпбалалы аналарға жеке кәсіп бастауға қолдау көп. Қайтарымсыз грант, жеңілдетілген несие қарастырылған. Білім алып, арнайы бағдарламамен кәсіптік сауаттылығын арттыра алады. Іске талпынған әйелдер үшін мұндай мүмкіндіктер отбасының табысын еселеп, аналардың үйде отырып-ақ жұмыс жасауына жол ашты.
Мемлекеттік қолдаудың арқасында қаражатқа қол жеткізіп, кәсібінің игілігін көргендердің бірі – жаңатастық Айсұлу Тұрсынбаева.
Ол шаруашылығын асыл тұқымды зайнен ешкілерін өсіре бастады.
-Желтоқсан айында бес жүз бес мың грант жеңіп алғанмын. Аса ауылынан асыл тұқымды сүтті 4 зайнен ешкілерін алдым. Құжаты менің атыма тіркелген барлығы заңды. Күніге екі мезгіл сауамын. Төрт ешкіден 10 литр сүт аламын. Ешкінің сүті ем деп тұрғындар тапсырыс береді. Бүгінде 4-еуі де төлдеді. Алдағы уақытта көбейтсем ба деген ойым бар. Осы шаруашылықтың арқасында бала-шағамды асырап отырмын. Ауылшаруашылығын дамытып, елді-мекен тұрғындарын қолдап отырған Қазақстан республикасының Президентіне , облыс, аудан басшыларына аналық алғысымды білдіремін,-деді Ол.
Айсулу күнделікті сауылған ешкі сүтін тұрғындардың тапсырысымен жеткізіп береді. Үйінен алып кетушілер де табылады екен. Ерекше күй талғамайтын, басқа төрт-түлікке қарағанда тез көбейетін ешкінің сүті дертке ем, шипалы қасиетке ие.
—Швейцарияда туберкулез, қаназдық, рахит, буын, тері ауруына шалдыққандарды әу бастан-ақ ешкі сүтімен емдеген. АҚШ секілді дамыған мемлекеттер ешкі сүтін жас нәрестелерге беру үшін арнайы дайындайды. Сондай-ақ ешкі өсіріп, одан тәуір табыс тауып отырған елдердің де қатары көп. Бүгінде бұл кәсіпті дамытып, нарықтың сұранысына жұмыс істей бастағандардың қатары біздің облыста да көбейіп келеді. Болашақта қолда бар малымның санын көбейтіп, кәсібімді кеңейтуге ниеттімін,-дейді Ол.