Жаппай саяси ререссиялар кезеңінің объективтілік мазмұны жеке адамдардың тағдырларын жіті қарастырмай толық бола алмайды. Қоғамдық өмірде болып өткен ірі ауқымдағы өзгерістер жеке адамдардың өміріне, олардың сол дәуірдегі саяси оқиғаларға әйтеуір бір қатыстылығына байланысты, әсер етпей қалған жоқ.
20-шы жылдардың ортасы мен соңында да ішкіпартиялық пікірталас еш толастамады. Дегенмен, пікірталасшыларды көтерілген мәселелер көп толғандырмайтын – олар үшін қайсібір ірі партия лидерінің жағына шығып, өз позицияларын нығайту немесе партиялық иерархияда тағы да бір сатыға көтерілу маңыздырақ болатын.Ішкіпартиялық күрес, билік басына келушілердің тез арада қабылдаған шешімдеріне және ол шешімдердің сөзсіз өмірге енуіне байланысты біртіндеп ушыға бастады. Билік басында болудың тарихи мезгілі әрқашанда шектеулі және сондықтан да оның сылбырлықты (жайбасарлықты) көтермейтіндігі белгілі.
Алғашында барлықтай дерлік пікірталастар бейбіт аяқталып отырды. Кейіннен, Л.Д.Троцкийден бастап ол үрдіс бұзылды. Теоретик ретінде үлкен беделі бар, Ленинге жақын болып , революция және азамат соғысы жылдары өзінің маңызды (ерекше) ролін көрсете білген Л.Д.Троцкий өз жағына біраз адамдарды тарта алды. Оған қарсы тұрған И.Сталин негізінен өзі басқарған партиялық аппаратқа, кадрлер мәселесін шеше алатындығына және ОК пен Саясибюроның, революциядан кейін қоғамдық өмірдің әртүрлі салаларындағы нақты басқару жұмыстарында болған мүшелеріне сүйенді. Троцкийді Қазақстанға жер аударып, кейіннен шетелге қуу мәселені шешпеді. Жер аударылғандар да және олардың жақтастары да жеңіліске мойынұсынбай, ерте ме кеш пе қарымтаның (реванштың) болатынына сенді.
Мұнан кейінгі ірі саяси тұлғаларды жою әдісі сондықтан да «басынан бақайшығына» дейін («снежного кома») заңдылығымен жүріп — ірі тұлғаның соңынан кішірек оншақтысы, олардың соңынан одан да кішілері, осылай ең төменгі буынға дейін жетіп, қатардағы партия мүшелерін де майқандап кетті.Олай болса басқарушы элитаның ішіндегі бақталастықтың (тақталастықтың) ауқымы кеңейіп, ол өз құрдымына бұл күреске ешқандай қатысы жоқ көптеген адамдарды тарта берді.Репрессияға ұшырағандардың хаттары мен хабарларында бірінші кезекте олардың өздеріне тағылған айыптарды шын мәнінде түсінбейтіндігі, олардың айыптылығына нақты дәлелдердің жоқ екендігі айтылады. Әрине, дәлел жоқ болатын, болуы да мүмкін емес еді. Сондықтан қолдануға өте оңай, сонымен қатар өзінің жүгенсіздігі жөнінен өте қанқұйлы айыптылық презумпциясы таңдалынды. Онда әркім әрқашан айыпты, тек мойындауы керек, мойындаушының жазасы әрине заңды. Міне, осылай.
20-30 жылдар кезеңіндегі репрессиялық шараларға өңірдің өз ішінде және республикадан тысқары аудандарға жер аудару, саяси құқықтарын
шектеу, мүліктерін кәмпескелеу және әртүрлі мерзімдерге бас бостандығынан айыру мен ең жоғарғы жазаға тарту жатты.Жаппай және кең ауқымды жазалау шараларының басталуына белгі ретінде БК(б)П ОК-нің 1937 жылдың 2 шілдесіндегі шешімі мен осыдан кейінгі, шұғыл түрдегі Ішкі істер Халкомы Н.Ежовтың қолы қойылған №00447 бұйрықты айтуға болады, бұл арқылы 268950 адамды репрессияға ұшыратып, оның 75950-ін ату жазасына кесу көзделінді[1].Аталған цифрлар тиісінше КСРО аймақтары бойынша «бөлініп», күтілгеніндей, жергілікті жердегілердің «жоспарды қолдауына» («қарсы жоспарларына») ұласты. Осылай Қазақстан К(б)П ОК бюросы 1937 жылдың 19 қарашасында репрессияланатын антикеңестік элементтердің санын ұлғайту жөніндегі шешімін қабылдады. Репрессияланатындар екі категорияға бөлінді. Біріншісіне, билік басындағылардың пікірі бойынша, «барынша дұшпандық» көзқарастағы антикеңестік элементтер жатқызылып, оларға ату жазасы қолданылса, екінші категориядағы осындай элементтер бәлкім қауіпсіздеу деп есептелінгендіктен болар, лагерьлер мен түрмелерде 8-ден 10 жылға дейін, кей жағдайда 25 жылға бас бостандығынан айырылды.
ОК бюросының шешімімен республика бойынша бірінші категориядағы «бекітілген жоспар» 2000 адам болып белгіленді, мұның өзі Орталық бұдан бұрын белгілеген 1925 адамдық «нормадан» асып түсті. Тиісінше 275 және 350 адамнан «қосымша резерв» те қарастырылып қойды. ОҚО бойынша бірінші категориядағы 150 адамның саны өзгертілмей, екінші категориядағылардың саны «жоспардағыдан» жүзге кемітіліп – 300 адам болып белгіленді[2].Соңынан, Республика бойынша репрессияға ұшырағандардың саны бірінші категориядағылар 600 адамға, екіншісіндегілер 1000 адамға асып кетті [3, 253 б].
Репрессиялық іс — шараларды тікелей қолдану құқы бірқатар сот және соттан тыс органдарына берілді. Осылай КСРО Жоғарғы Сотының Жылжымалы коллегиясы Оңтүстік Қазақстан аймағының ірі-ірі партия және кеңес қызметкерлерінің ісін қарады. Жылжымалы коллегия шешімдеріндегі үкімдердің басым көпшілігінің ең жоғарғы жаза болғандығы, бір жағынан аймақтағы партиялық – кеңестік элитаның бір бөлігін жоюды көздегендігі болса, екінші жағынан қалғандарын қорқытып, Орталыққа қандай бір түрде болмасын оппозицияда болу мүмкіндігін болдырмауға ескерту ретінде болды, яғни биліктің барлық тетіктерін өз қолдарында ұстап отырған БК(б)П ОК-нің сталиндік тобына қарсы шығу әрекеттеріне үзілді-кесілді тиым салынды.
Облыстық соттың шешімдерінің мазмұны да осыған ұқсас болып, РКФСР ҚҚ 58 ст. негізінде әртүрлі мерзімге бас бостандығынан айырудан, ату жазасына дейінгі жазалар қолданылды. Облыстық соттың шешімімен сотталғандардың құрамы әлеуметтік статусы бойынша әр тақылеттес болып, түрлі деңгейдегі партиялық-шаруашылық қызметкерлерін, қатардағы партия мүшелерін және жәй азаматтарды да қамтыды. Соттан тыс орган ретіндегі «үштіктер» құрамына партияның облыстық комитетінің бірінші хатшысы, облыс прокуроры және ІІХК (НКВД) облыстық басқармасының бастығы кірді. «Үштіктердің» сот тыс үкім шығарудағы және халықтың әртүрлі
әлеуметтік топтарының істерін қараудағы шексіз өкілеттіліктері, өз кезегінде оралдың мүшелерінің жеке қауіпсіздігіне кепіл бола алған жоқ. Осылай КСРО Жоғарғы Сотының Жылжымалы коллегиясының үкімімен ОҚ Қ(б)П ОК бірінші хатшылары Ә.Ы.Досов пен Б.Манкин, Қызылорда Қ(б)П ОК бірінші хатшысы Қ.А.Әміровтар репрессияға ұшырап кетті [4,70-б.]. Зерттеліп отырған кезеңдегі ІІХК-ның облыстық басқармасының бастығы С.Д.Пинталь, бәлкім «үштіктің» төрағасы да шығар репрессияға ұшырап, басқа бір соттан тыс орган КСРО ІІХК – ның ерекше кеңесінің 1937 жылғы желтолқсандағы үкімімен ату жазасына кесілді [5, 4б].
Республика партия басшылығының орталық органдардың шешімдерін орындауға, тіпті « асыра орындауға» дайын болуы, бір қарағанда, ҚК(б)П ОК бюро мүшелерінің және тиісінше облыстық деңгейдегі басшылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуі қажет те сияқты. Бірақ қуғын-сүргін технологиясы « екі жағы да өткір») болып келген еді. Қайсібір адамды соттаудың нақты бір фактілері анықтаулардың негізділігіне немесе негізсіз екендігіне қарамай орындаушының өзін заңсыз әрекеттері үшін қарсы анықтауға алып келді, мәселен, « партиядан коммунистерді басы- көзіне қарамай жаппай қуғандығы үшін».
Жағдайдың шектен шыққандығы соншалық, кез-келген айыптаушы заңсыз әрекет жасаушы ретінде, дәл осындай заңсыз түрдегі айыптауға ұшырап отырды. Қоғамдағы қалыптасқан жаппай күдіктенушілік жағдайында орталықтағы аз ғана басшылар тобын есептемегенде, ешкім де өзін қауіпсіздіктемін деп есептей алған жоқ. Ол үшін кез-келген жеке адамның қызметін тексеру туралы ұсыныс түсіру жеткілікті болатын, содан кейін-ақ не дәлелденілмейтін, немесе дәлелдеуді керек те етпейтін айыптау сумаң ете қалатын – мәселен, «халық жауымен байланысты», — деген.
Заңдық нормалардың барынша босаңсып, саяси негізде, жеке адамға қарсы жасалынған қылмысқа, адамгершілік – этикалық тұрғыдағы тосқауылдың алынып тасталуы,республиканың партия және кеңес басшыларын қиын-қыстау жағдайда қалдырды. Едәуір жеткілікті дәрежедегі билікке ие бола тұра, олар Орталықтың партиялық баспасөз арқылы жасаған тегеуіріні мен КСРО ІІХК-сының орталық аппаратының қысымына төтеп бере алмады. Республикадағы «бастаушылық және жол көрсетушілік» ролін ілдебайлап сақтай алғанымен, Қазөлкеком және кейіннен ҚК(б)П ОК халыққа идеологиялық жұмыс жүргізу құралы ғана болып қалды, олардың республика территориясында ІІХК органдарының қызметін тексеруге шамасы келген жоқ, сондықтан тек БК(б)П ОК келген директиваларды орындаумен ғана шұғылданды. Республикадағы жазалаушы органдардың іс-жүзіндегі еркіндігі оларға Н.Ежовтың бағытын республика басшылығына еш алаңдамай-ақ жүргізуге мүмкіндік берді.
Мұндай жағдайда Қазақстандағы жоғарғы партия және кеңес басшыларының саяси және жеке тағдырының тәлкекке ұшырайтындығы анық еді. Тиісінше, жоғарыда айтылған облыстың бірінші басшыларына қарсы репрессиялар, ойластырылғандай, төменгі деңгейдегі кадрларға да қолданылуға ұласты.
Осылай, басқарушы партия органдары бөлімінің меңгерушісі П.Т.Бидуля мен осы қызметте оны ауыстырған А.Т.Жолдыбаевтың да қызметтегі өмір жолы тым қысқа болды. Алғашқысы аталған жұмыста небары 1,5жылдай қызмет атқарып, Оңтүстік Қазақстан сотының арнайы коллегиясының шешімен 25 жылға сотталып, мерзімі аяқталмай дүние салса, соңғысы осы жұмысқа 1937 жылдың мамырында кірісіп, сол жылдың 15 қыркүйегінде тұтқындалады және кейіннен ең жоғарғы жазаға кесіледі [7, 282 б]. Олай болса басқарушы партия органдары бөлімін де «репрессиялық қауіпті» болды деп есептеуге негіз бар. Дәл осындай қауіпті қызметтердің бірі ретінде облыстық жер басқармасы бастығының орнын айтуға болады – ол жоғарыда аталған Ғ.Х.Бөкейхановтың 1937 жылдың тамызына дейінгі соңғы жұмыс орны болса, оны ауыстырған А.Ералин бұл қызметте бір ай ғана болып 30.10. 1937 жылы репрессияға ұшырап кетті [8].Облыстық масштабтағы қызметкерлердің қайғылы тізімінде облыстық жер басқармасының бастығы А.Ералин, (30.10.37 тұтқындалған.) обкомның ауыл шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі А.Р.Грушицын, ОҚО облыстық халыққа білім беру бөлімінің меңгерушісі С.Әбділахатов, «Оңтүстік Қазақстан» газетінің редакторы Р.Жаманқұлов және т.б. бар еді[3, 274 б].
Осылардың соңғысының биографиялық беріліміне қарай отырып, Павлодар уезіндегі Баянауылдың 1898 жылғы тумасы Жаманқұлов Рахымжанның, Оңтүстік Қазақстан облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетінің жауапты редакторы болып жұмыс істеген кезінде, КСРО Жоғарғы сотының 1938 жылдың 2 наурызында ату жазасына кесілгеніне мән беруге болады. [9-93 б.]
Осы орайда жалпы, солтүстік шығыс өңірден ( ол кезде Павлодар уезі Семей губерниясының құрамында болатын) Қазақстанның оңтүстігіне әйтеуір бір қатыстылығына байланысты қоныс аударып, саяси қуғын – сүргінге ұшыраған азаматтар хақында айтар болсақ, олардың ішінде, тек Қазақстанның Халық Комиссарлары Кеңесі құрамында қызмет атқарғандарының саны онға жуықтайды. Олардың бірнешеуінің өмірбаяндық берілімдері мынадай : Молдажанов Ілияс Ысмайылұлы. (1900-1938). Семей губерниясындағы шаруа отбасында туған, қазақ. 1920 жылдан Коммунистік партиясының мүшесі. Білімі орта.1932 жылы тамызынан Алматы облыстық атқару комитетінің төрағасы. 1935 жылдың қаңтарынан 1937 жылдың тамызына дейін ҚазКСР Қаржы халкомы. Қуғындалған. 1937 жылы маусымда тұтқындалған, 1938 жылы ақпанда ату жазасына кесілген. 1956 жылдың маусымында ақталған. [10-308 б.]
Әрине, қиын – қыстау замандағы семейлік қайраткерлер туралы баянымыз барысында ұлтымыздың ерекше тұлғасы Аймауытов Жүсіпбектің (1889-1930) қоғамдық –саяси өміріне тоқталмай кетуге болмайды. Жүсіпбек бабамыз Павлодар уезі Қызылтау болысы № 1 ауылында туылып, 1917-1919 жылдары «Алаш» партиясының, 1920 жылдан Коммунистік партияның мүшесі. 1919 жылы мұғалімдер семинариясын бітірген (Семей қ.) Ақын, драматург, аудармашы, әдебиет зерттеушісі. 1924-1926 жылдары «Ақ жол» газетінде әдеби қызметкер (Ташкент қ.) 1925 жылы сотты болып, 1926 жылы ақталған. 1926-1929
жылдары Шымкент педагогикалық техникумының директоры болып қызмет атқарған. Қуғындалған. 1929 жылы мамырда тұтқындалып, 1930 жылы сәуірде ату жазасына кесілген. 1988 жылы қазанда ақталған. Қарап отырсақ, кемеңгер бабамыз өзінің саналы ғұмырының күректей бес жылын Оңтүстік өңірде өткізіпті. Дегенмен, осы тұстағы қызметі мен халқына сіңірген ерен еңбегі туралы нақты мағлұматтар жоқтың қасы. Осы бағыттағы зерттеу жұмыстарының кезек күттірмейтіндігі де даусыз. Оған керекуліктердің де, семейліктердің де, тараздықтар мен шымкенттіктердің де шын ниетпен атсалысары анық. [10-50 б.]
Тарихымыздан талассыз орын алуға тиіс осындай нарқасқа тұлғалардың бірі ретінде Иманжүсіп Құтпанұлын айта аламыз. Жалпы Иманжүсіп бабамыздың халқына деген перзенттік пейілі генеологиялық тұрғыда «Азаттық, теңдік, бостандық» ұранымен қалыптасқан сияқты.
Арыға бармай-ақ әкесі Құтпанның Кенесары жасағында ұлт азаттығы үшін жанкештілікпен шайқасқандығын, ал атасы Тұрғанбай датқаның Қоқан хандығына қарсы күресте ерліктің үлгісін көрсеткендігін айтуымызға болады. Әрине, тынымсыз жүргізілген ұлт-азаттық күрес (С.Датов, И.Тайманов, М.Өтемісов, К.Қасымов, Байзақ Мәмбетұлы және т.б. бастағаң) ірі империяның қазақ жерін қалауынша илеп — жаншуына тосқауыл болды десек қаталеспейміз. Оны осы көтерілістер барысында патша үкіметіне қойылған талап-тілектер дәлелдеп тұрғандай. Мәселен, Кенсары Қасымов тарихи аренаға, Қазақстанда «1822,1824 жылдардағы Сібір және Орынбор қазақтары туралы» жарғылардың қабылданғанына қарамастан саяси оқшаулығын сақтауды жалғастырған аудандардың тәуелсіздігіне патша әскерлерінен қатер төнген жағдайда, оларға Абылай ханша қасқайып қарсы тұрды.
Жоғарыда аты аталған Иманжүсіп бабамыздың әкесі Құтпанның да қаршадайынан Хан Кененің жасағында болып, Елінің еркіндігі үшін жанын пида етуі ұғынығы бар ұрпағына әсер етпеді деп айта аламыз ба?
Халқына азаттық алып беруді аңсаған Кенесары үш жүздің дәстүрлі топтарын, руларын біріктіруге барлық амалдарды қолданды, дегенмен бұл мақсатқа азаттық күрестің 1844-1845-ші жылдардағы ең шырқау биігіне көтерілген кезеңінің өзінде де қолы жетпеді. Бірақ, Ұлы Күрес бір сәт те тоқтаған жоқ. Осы орайда, датқалар туралы әңгіме болғанда олардың елі мен жеріне сіңірген еңбегін бөле-жара зерттеп, тарихтан бөле-жара орын беруге болмас. Қазақ тарихы үшін Сапақ датқа, Шоқай датқа, Байзақ датқа, Батырбек датқа және басқа да датқалар шоқжұлдыздың шоғырындай дара.
Оны генерал М.Черняев жау болса да мойындаған. Ол Ресей ағзамының соғыс министріне жолдаған хатында тарих шындығынан ауытқымай, қазақ датқаларының ру-руға, жік-жікке бөлінбегенін, қайта бір-біріне құрметпен қарайтынын жазған. Бұл жерде қонысы алшақ болса да намысы бір, Иманжүсіп бабамыздың атасы Түрғанбай датқаның қоқандықтарға қарсы күрес барысында халқына қаһармандықпен қызмет еткендігін неге айтпасқа! Олай болса, Кенесарының армандап, жете алмаған Бірлік Туы Қазақ жерінде желбіремей қалған жоқ. Тек, жан беріп, жан алысқан теңдік жолындағы күрес сол кезеңдерде өзінің түпкілікті нәтижесін
бере алмады. Солай болғандықтан, орыс бодандығының қамытын киген Қазақ Елі бірте- бірте алып империяның аморфты өлкелерінің біріне айнала бастаған еді. Нәтижесінде оязды ұлық көріп, патшаның жандаралдарына жағымпаздануда алдына жан салмауға тырысқан қазақ шонжарлары басым көпшілігінде, патша билігінің басыбайлы құлдарына айналған болатын.
Иманжүсіп бабамыз мүндай талапайға көнбеген. Сондықтан да «орыс демей, егер осқырынған ояз болса , қазағым демей егер қараниет болыс болса»,- сазайларын тарттырып отырған. Әрине, алпауыт империяның атқамінерлері мен олардың жергілікті жандайшаптарының езгісіне қарсы тұру, тек халықтың қолдауымен ғана мүмкін еді, ал осындай қолдаулардың болғандығы, бабамыздың халықты соңынан ерте алғандығы ендігі жерде құпия болмай отыр.
Кейбір дерек көздеріне сүйендім деген қайсібіреулер Иманжүсіп барымташы болған дегенді айтады. Байыбына барып қарасақ, патшалық өкіметтің билігі кезеңінде көшпелі қазақ халқының материалдық қүндылықтарының негізі төрт түлік мал, соның ішінде жылқы болғандығы белгілі. Олай болса кедей-кепшікті басынған былғаныш байлардың жазасы солардың малын барымталау арқылы берілмей ме? Біздіңше батыр бабамыз түрлаусыз, тоғышар бай -шонжарларды осылай сазайын тарттырса керек.
Әттең, патша өкіметінің бодандығы тұсында жасындай жарқылдаған батыр бабамыз, кеңестік биліктің жымысқы саясаты кезінде әуре-сарсанға түсіп ғана қоймай, қапасқа қамалып қиянат көрді емес пе? Әрине, көреген кеңестік жазалау аппараты Иманжүсіптей бабамыздың жүздеген адамды соңынан ерте алатынын білді. Бұл туралы ақпараттар оларға белгілі де еді. Бүгінде,1928-1930-шы жылдар арасында Қазалы ауданы территориясында болған Асандар көтерілісі, Қармақшы, Қазалы аудандарындағы Ақмырза көтерілісі және Қазалы, Жалағаш пен Сырдария аудандарының қазақтары қатысқан Қарақұм көтерілістерін Кеңестердің едәуір соғыс техникасын пайдаланып ғана баса алғаны,нақты анықталып отыр.Сондықтан да, 1928 жылдың 5 қыркүйегінде Қазақстан Орталық Атқару Комитеті мен Халық комиссарлары Кеңесінің «Ірі байлардың мал-мүлкін кәмпескелеу туралы Қаулысы және Қазақстандағы барлық батырақ, кедей, орташаларға ақсүйек байлардың мал-мүлкін алып, өздерін жер аударуға белсене кірісуге шақырған хаты жарияланған тұста және шаруа қожалықтары тарапынан болатын қарсы әрекеттерді болғызбау мақсатында түзілген антикеңестік элементтер тізімінде Иманжүсіптей атпал азаматтың болуы әбден мүмкін.
Бұл арада кәмпескелеу жөніндегі ереженің әу дегеннен өзімбілерлікпен бұзылғандығын айта кетуге болады. Ал мұндай кеңестік биліктің лаңына қарсы дау айтуға қаймықпайтын азаматтар, мәселен Иманжүсіп бабамыздың ізі тиген Шиелі ауданында «атқамінер және ауылды топқа бөлуші ретінде», 2-топпен жазаланды. Сол кездегі құжаттарға сәйкес «Байлардың кәмпескеленген малдары мынадай жолмен бөлініп берілді: байлардың өзіне ірі қара малға шаққанда 16 бастан, 4 артелдерге, ірі қара малға шаққанда 181 бас, оның ішінде 450 қой мен 150 ешкі, ал қалғандары ірі малдар, яғни түйелер ,жылқылар және сиыр малдары … осының бәрі артелдерге теңдей үлестіріліп берілді. Құжаттарда кәмпескеленген мүліктер тізімінде киіз үй,
кілем, текеметтер бар, осы орайда аталған мүліктердің декрет және директивалар арқылы кәмпескелеуге жатпайтындығын айту керек. Өз кезегінде, шаруашылығы кәмпескелеуге жататын байлар малдарын толық немесе жартылай болса да сақтап қалуды көздеп, бар малдарын жасырудың бір айласы ретінде өз шаруашылықтарын бірнеше бөлікке бөліп, оны туыстарына таратып берді. (Қарсақбай, Тереңөзек, Қармақшы аудандарында). Тағы да құжатқа жүгінсек: «Бай Қонтаев Рахметтің 1700 ірі қара және 1190 ұсақ малы бар. Оның баласы малдарының біразын жасырып, Қарақұмға 14 жылқы, 38 түйе және 165 қой айдап бара жатқан жерінен ұсталды»,- делініпті.
Әрине, бақуатты бай немесе қуатты орташа шаруа болсын, мұндай әрекеттерге жеке-дара кірісе алған жоқ, жүректі жігіттердің қолдауына сүйенді. Олай болса Иманжүсіп бабамызды осындай қолдау көрсетпеді деп айта аламыз ба? Әрине жоқ. Себебі қысылғанға, қиянат көргенге қолдау көрсету бабамыздың қанында бар емес пе!
Сондықтан да, кеңестік қитұрқы саясаттың кесапатты салдарларын сезіп, түйсіне білген батыр бабамыз өзіне тән қайсарлықпен тоталитарлық жүйеге қасқайып қарсы тұрды. Ал, өз кезегінде кеңестік идеологиялық және жазалау аппараттары билікке қарсы тұрғандардың ешқайсысын да аямады. Тек, алғашқыда «өте қауіптілерін», сонан кейін бәлкім «қауіпсіздеу» деп есептелінгендерін қынадай қырды. Лагерьлер мен түрмелерге жапты. Қуғын- сүргінге ұшыратты.
Осы орайда кеңестік зымыстан саясаттың тағы бір ұшы жылт ете қалады. Ол бас көтерер тұлғаларды Қазастанның егер ол оңтүстігінің тумасы болса Солтүстікке немесе Батыс пен Шығысқа, егер ол Солтүстіктің тумасы болса кері бағытқа қызметке жіберіп, рулық дүрдараздықты тудыра отырып, оларды оқшаулау арқылы репрессияға ұшырату. Дәл осылай Солтүстік өңірде туып өскен, партияның Оңтүстік Қазақстан және Шымкент қалалық комитетінің бірінші хатшысы қызметінде болған Әбілқайыр Досов (1899-1938), Сарысу АК хатшысы болған Нұрыш Данияров (1899-1938ж.ж.), ҚК(б)П Оңтүстік Қазақстан ОК өнеркәсіп бөлімінде нұсқаушы, кейіннен Созақ аукомының бірінші хатшысы болып жұмыс істеген. С.Айсарин және қазақстандық алғашқы журналист-коммунист С.Айтқожиндер Оңтүстік өңірде жүріп аталған қызметтерінде қуғын-сүргінге ұшырап, кейіннен ату жазасына кесілген болатын. Әйтсе де, осы бабаларымыздың қайсысы болмасын қорғаусыз қалды деп айта аламыз ба? Әрине, жоқ. Мәселен, Әбілқайыр Досовты «буржуазиялық-ұлтшылдар жетегінде» кетті деп күстаналаған «Казахстанкая правда» мен «Правданың» тегеурініне қарсы тұрған обкомның бюро мүшелері өз жетекшілерін шама-шарқынша қорғағаны белгілі. Ал, тікелей Иманжүсіп бабамызға келсек, оның Қажымұқан және Балуан Шолақпен сыйластығы өз алдына, сонымен қатар атының тұяғы тиген жерде тұғыры биік болғандығы ендігі жерде баршамызға анық. Тек, осындай Тұлғаны тұқыртуды ғана ойлаған кеңестік билік өз дегеніне жетіп тынған еді. Осы орайда, бабамыздың жоғарыда аты аталған азаматтармен және сол кезеңде Оңтүстік өңірде, алғашында Ташкент қаласындағы «Ақ жол» газетінде әдеби қызметкер, кейіннен Шымкент
педагогикалық техникумының директоры болып қызмет еткен қазақ прозасының кемеңгері Жүсіпбек Аймауытовтармен байланысы болды-ау,- деп те ойлайсың. Әйтсе де бұл логикалық қисынға негізделген болжамдар дерек көздері арқылы, дәлелдеуді талап етеді. Сондықтан да, осы бағыттағы жұмыстар лайықты жүргізілгенде ғана Иманжүсіп бабамыздың сан — қилы өмірі анықталып- айшықталып, өзіне тиесілі тұғырына қонатыны анық.
Ары қарай айтар болсақ , қалың қазақтың қабырғасын қайыстырып, жаппай саяси қуғын – сүргін зұлматында Оңтүстік өңірде опат болған Қазақстанның солтүстік шығыс өңірінен шыққан асыл ерлеріміздің тізбесі мынадай: Искаков Махмут.1904 жылы Павлодар уезіндегі Баянауылда туылған, қазақ, агроном. ОҚ облысы бойынша Ішкі Істер Халық Комиссариатының Басқармасы (ары қарай — УНКВД) «үштігі» 1938 жылдың 20 ақпанында соттаған. 1957 жылдың 21 желтоқсанында Жоғарғы Соттың әскери Коллегиясы ақтады. [9-110 б.] Алтынкөпов Рахматулла. 1908 жылы Шығыс Қазақстан облысында туылған, қазақ, Оңтүстік Қазақстан облыстық прокуратурасының бөлім бастығы. ОҚ облысы бойынша УНКВД «үштігі» 1937 жылы 30 желтоқсанында соттаған. ОҚ облыстық соты 1958 жылы 30 қаңтарда ақтаған.[9-26 б.] Сабитов Ғазиз Юсупович. 1900 жылы солтүстік шығыс өңірде туылған, татар, Шымкент стансасында буфет директоры. УНКВД-нің Алматы облысы бойынша «үштігі» 1938 жылы 15 ақпанда соттаған. 1961 жылы 30 мамырда Алматы облыстық соты істі қысқартқан. [9-231 б.]
Әрине, бұл мәліметтер Оңтүстік Қазақстан өңірі бойынша 1920-1930 жылдары қуғын – сүргінге ұшыраған азаматтардың ашық баспасөз және мұрағат материалдары ақпараттары бойынша түзілген анкеталық анықтамалар екендігі белгілі. Ендігі жерде, басқа өңірлерден келсе де, еңбек еткен жерінде еңсесі биік болған асылдарымызды ұрпақтарының жадында жаңғырту ісін, баршамыздың бірлесіп атқарғанымыз абзал. Осы бағыттағы жұмыстар лайықты жүргізілгенде ғана тарихи уақыт талайында тағдыр тәлкегіне ұшыраған бабаларымыздың өмірлік-бақилық өксігі түйсініліп, сан – қилы өмірлері анықталып- айшықталып, өздеріне тиесілі тұғырларына қонатыны анық.
Сейдахан Уәлиұлы Бақторазов
М.Х.Дулати атындағы ТарМУ-нің доценті,
тарих ғылымдарының кандидаты, облыстық ҚХА жанындағы
ғылыми-сараптамалық топтың мүшесі