Жамбыл облысында қазірдің өзінде «Алқаптан сөреге дейін» жобасы аясында сауда желілеріне өндірген өнімін өткеруге 52 тауар өндіруші дайын. Бұл туралы «ӨКҚ» алаңында өткен брифингте Жамбыл облысы әкімдігі кәсіпкерлік және индустриалды–инновациялық дамыту басқармасының басшысы Аспандияр Сейсебаев айтты, — деп хабарлайды «ZhambylNews» ақпарат агенттігі.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына жолдауынан бизнес айрықша қолдауды сезінді. Президент бұл Жолдауында да көптеген әлеуметтік-экономикалық мәселелерге тоқталды. Әсіресе агроөнеркәсіп кешенін дамыту жобаларын қолға алып, сондай-ақ пандемия кезінде зардап шеккен шағын және орта бизнеске қолдау шараларын арттыру туралы тапсырмаларын кәсіпкерлер жылы қабыл алды.
— Ауыл шаруашылығын дамытпай, бәсекеге қабілетті экономика құру мүмкін емес. Бұл салада шешімін таппай келе жатқан өзекті мәселелер бар. Атап айтқанда, жұрттың жерге қол жеткізе алмауы, ұзақ мерзімге берілетін «арзан несиенің» болмауы, кәсіби мамандардың тапшылығы — деп атап өтті президент.
Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсарту пилоттық жобасы дер кезінде жүзеге асырылып, облысымызда нәтижелі жұмыстың бар екендігін көрсетті. Жамбыл облысының кооперациялық тізбекті дамыту жөнінде тәжірибесі бар. Бұл тұрғыда, биылдан бастап жүзеге асқан ауылда кооперациялық тізбекті дамыту жөніндегі «Егістіктен – дүкен сөресіне дейін» пилоттық жобасын тиімді және ұтымды пайдалана отырып, өндірілген ауылшаруашылық өнімдерін делдалсыз өткеруге болады. Бұл пилоттық жоба оңтүстік өңірлерде 2020 жылдан бастап жүзеге асырып келеді. «Егістіктен – дүкен сөресіне дейін» жобасын жүзеге асыру үшін Жамбыл облысына 1 млрд. теңге бөлінген.
Мемлекет басшысы кәсіби мамандардың тапшылығын да атап өтті. Салдарынан аграрлық ғылымның ойдағыдай дамымауы – бұл саладағы қордаланған мәселелер. Осы бағытта атқарушы билік тарапынан нақты шаралар қабылдануы керек екенін жеткізді.
— Бұл ретте, Жамбыл облыстық кәсіпкерлер палатасында отандық сарапшы-мамандардың тізімі құрылған болатын. Өкінішке орай, пандемияның салдарынан мамандар толыққанды оқыту жұмыстарына кірісе алмады. Бұл бағытта алдағы уақытта жұмысты онлайн режимге ауыстырып, агро-білімді шыңдай түсеміз деген жоспарымыз бар, — деді ол.
Сондай-ақ президент суару жүйесін жүйелендіру керектігін айтқан болатын.
— Технологиялық тұрғыдан ескірген суару жүйесі үлкен кедергі келтіріп отыр. Судың 40 пайызы далаға кетіп жататын кездері болады. Онсыз да су тапшылығының зардабын тартып отырған еліміз бұған жол бере алмайды – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Жамбыл облысында ауыл шаруашылығы дақылдарын суаруға қажетті судың негізгі көздері трансшекаралық өзендер болып табылады (Шу, Талас). Вегетациялық кезеңде ауыл шаруашылығы дақылдарына суармалы су жетіспейді, бұл өз кезегінде дақылдардың өнімділігіне әсер етеді. Бұл мәселеленің шешімінің бірі – трансшекаралық өзендердің бойында тоғандарды жасау, ал екіншісі – су үнемдеу технологиясын дамыту. Су үнемдеу технология бүкіл әлемдік аграрлық алпауыт мемлекеттердің тәжіриебесі.
Шарапатын талай ауылдағы ағайын көрген «Агроөнеркәсіп кешенін дамыту» мемлекеттік бағдарламасы келесі жылы аяқталады. Шаруаларға қажетті мемлекеттік қолдау шараларын Президент жалғастыруды тапсырды. Бұл ретте Үкімет пен бизнеске бірлесіп, алдағы 5 жылдыққа өнімділікті арттыруға сеп болатын сапалы жоба құруды жүктеді. Пандемия кезінде Жамбыл облысы бойынша 6000-ға жуық кәсіпкерге салықтық жеңілдіктер беріліп, 4324 кәсіпкердің екінші деңгейлі банктер мен қаржы ұйымдары алдындағы несиелік төлемдері шегерілді. Сауда үйлер мен ірі орталықтардың иелері жалға алушы кәсіпкерлерді жалдау құнынан босатқан болатын, бұл ретте, Жамбыл облыстық кәсіпкерлер палатасы 161 сауда орталықтарының иелерімен келіссөздердер жүргізді.