Жаңатаста 180 отбасы баспаналы болды

0 13

Жаңатас қаласында 180 пәтерлі 2 көпқабатты үй қалпына келтірілді. Бұл пәтерлер тәуелсіздің күні қарсаңында негізінен, әлеуметтік жағынан аз қорғалған және жылдар бойы пәтер кезегінде тұрған отбасылар игілігіне берілді, — деп жазады «ZhambylNews» АА.

— Жыл санап дамып келе жатқан Жаңатас қаласы үшін тұрғын үй мәселесі күн тәртібінен түскен емес, -деді қоныс тойдың салтанатты жиынында құттықтау сөз сөйлеген аудан басшысы Бақытжан Жақсылықов.

Бүгінде, Жаңатас қаласында тұрғын үй алу кезегінде — 1789 азамат тізімде тұр. Міне, осы тізім тәуелсіздік күні қарсаңында қысқарды. Өйткені бүгін Жаңатас қаласында екі көпқабатты үй қайта жөндеуден өтіп, қолданысқа берілді. Десекте , жылдан-жылға қала тұрғындарының саны көбейіп келеді. Тиісінше, тұрғын үй кезегіндегілер саны да арта түсуде. Осы мәселені шешу, тұрғындарды, әсіресе жағдайы төмен отбасылары мен мүмкіндігі шектеулі азаматтарды тұрғын үймен қамту үшін барлық мүмкіндіктер қарастырылуда.

Өміршең бағдарлама — «Жұмыспен қамту жол картасы» аясында жарты ғасырлық тарихы бар қаламызда осы тұрғын (екінші шағын аудандағы №24, №26) үйлер қайта жаңғыртылып, бүгін пайдалануға берілді. Ұзақ жылдар кезекте тұрған азаматтар бүгін жаңа қонысқа ие болды.

Қайта жаңғыртылған бұл үйлер қала келбетін жақсартып, ажарына ажар қосары сөзсіз. Бұл жұмыс алда жалғаса беретін болады. Осындай игілікті істердің барлығы Тәуелсіздіктің айқын жеңісі.

Белгіленген жұмыстарды сапалы атқарып, мейрам қарсаңында ел игілігіне ұсынып отырған «AKM Group» жауапкершілік шектеулі серіктестігіне және жалпы ат салысқан барша азаматтарға алғыс білдіріп, көпшіліктің қуанышымен бөлісті.

Салтанатты түрде, барлық санитарлық сақтық шараларын ұстана отырып, пәтер кілттері табыс етілді. Қуанышты сәттің алқызылы лентасын аудандық мәслихат хатшысы Сағымбек Бегеев пен аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жанат Жұмаділдаев қиып, құрылыс жұмыстарын жүргізген «AKM Group» жауапкершілік шектеулі серіктестігінің құрылыс бөлімінің инженері Кәмілхан Әбиев баспана іші құтқа, ырысқа толсын деген ыстық ықыластарын білдірді.

Төрт бөлмелі пәтерге ие болған көпбалалы ана Айда Ақылбекованың да қуанышында шек жоқ. Көп жылдан бері ұл-қыздарымен 8 перзентімен пәтер жалдап тұрып келген.Үй кезегінде тұрғанына біраз жыл болыпты. Биыл баспаналы болсам деген арманы орындалды.

– Міне, неше жылдық арманымызға қол жеткізіп жатырмыз. Мерекеге орай үлкен сыйлық жасап жатыр бізге. Бәріне алғысым шексіз. Барлықтарыңыздың отбасыларыңызға бақ береке берсін. Тәуелсіздік күнімен құттықтаймын, — деді ол.

Күннің суығына қарамастан 180 пәтерге ие болған азаматтардың жүздерінен қуаныш нұры айқын сезіліп тұрды. Осындай қуанышты жанның бірі Лепесбаева Нуржамал ол 8 жылдан бері көшіп-қонып, жалдамалы пәтерде жүргенін, бүгін ақтүйенің қарны жарылып, отбасы қуанышқа бөленіп жатқанын айтып ағынан жарылды. Шашу шашылып, баспаналы болған тұрғындар қуаныштарын бір бірлерімен бөлісіп жатты.

Leave A Reply

Your email address will not be published.