Жамбыл ауданында жасалған соңғы 3 сенбілікте 4900 азамат, 137 техника қатысып, 186 тонна қоқыс шығарылған, — деп жазады “ZhambylNews” ақпарат агенттігі.
Көктемгі екі айлық санитарлық-тазалық жұмыстарын тиісті деңгейде ұйымдастыру мақсатында ағымдағы жылдың 23 ақпанында аудан әкімінің №86 қаулысымен Жамбыл ауданы аумағында көктемгі тазалық жұмыстарын үйлестіру жөнінде штаб мүшелері бекітіліп, іс-шаралар жоспары әзірленген болатын. Аталған іс-шаралар жоспарына сәйкес үстіміздегі жылдың наурыз және сәуір айлары тазалықтың екі айы болып бекітіліп, аудан тұрғындарын қоршаған ортаның тазалығын сақтауға шақыру мақсатында жергілікті ақпарат құралдарында және газет бетінде №86 қаулы жарияланды.
Аудан көлемінде үстіміздегі жылдың 6 наурызында ұйымдастырылған алғашқы сенбілікке қатысқан мекемелер мен ауылдық округтер тарапынан тиісті санитарлық-тазалық жұмыстары ұйымдастырылып, 1150 азамат, 39 техника қатысып, 51 тонна қоқыс шығарылды.
Ал, жиырмасыншы наурыз күні республикалық деңгейде ұйымдастырылған санитарлық-тазалық жұмыстарына 2250 азамат, 57 техника қатысып, 79,8 тонна қоқыс шығарылды.
Күні кеше аудан көлемінде оның ішінде Полатқосшы және Гродикова ауылдық округтерінде ұйымдастырылған санитарлық-тазалық жұмыстарына 1500 адам, 40 техника қатысып, 55 тонна қоқыс шығарылды.
Көктемгі екі айлық санитарлық-тазалық жұмыстары барысында ауылдық округ әкімдіктері тарапынан барлық мекеме, ұйым, кәсіпорын, саябақ, скверлер айналасын, арық-атыздарын, көпір астыларын күл-қоқыстардан тазарту, қураған талдардың бұтақтарын шабу, шөптерін шалу жұмыстары жүргізілген.