Талас ауданындағы Д.Қонаев пен А.Байтұрсынов атындағы және Ақкөл орта мектептері мен Қаратау қаласындағы мектеп-лицейге «СмартПасс» бағдарламасы орнатылып, Б.Әлменұлы мен Ш.Смаханұлы атындағы орта мектеп қазандығы газға қосылған, — деп жазады “ZhambylNews” ақпарат агенттігі.
Талас ауданында та бүгінде 81 білім беру мекемесі жұмыс істейді. Олардың 35-і мектеп болса, 26-сы балабақша. Сондай-ақ мектептер жанынан 16 шағын орталық ашылған. Мектептерде 9 669 оқушы білім алып жатса, балабақшаларда 2 797 бала тәрбиеленуде.
– Коронавирус індеті білімге деген көзқарасты өзгертті. Қашықтықтан оқыту кезеңінде аз қамтылған отбасылардан шыққан 2 127 бала компьютермен және 547 отбасы интернетпен (роутер модеммен) қамтамасыз етілді. 17 мектептің әжетханасына ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізуге аудандық бюджеттен 78 миллион теңге бөлініп, толықтай аяқталып отыр. Білім бөліміне қарасты мектептерге биология кабинет, ІТ сыныптар ашуға және робототехника сатып алуға 107 миллион теңге қаралып, қажетті жабдықтар алынды, — дейді аудан әкімдігі білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Ұлан Раев.
Сондай-ақ Ойық ауылындағы Д.Қонаев мектебі, Ақкөл ауылындағы Ақкөл орта мектебі және Қаратау қаласындағы мектеп-лицей мен А.Байтұрсынов мектебіне «СмартПасс» бағдарламасы орнатылыпты. Ойық ауылындағы Б.Әлменұлы мектебі және Сейілбек ауылындағы Ш.Смаханұлы атындағы орта мектеп қазандығы газға қосылған.