Тараз қаласының «Ауыл-Береке» базарында халықты коронавируске қарсы вакцинация жасауға ыңғайластырылған 2 жылжымалы медициналық кешен жұмыс істеуде, — деп жазады “ZhambylNews” ақпарат агенттігі.
Оның құрамында вакцина салдырушылардың денсаулығын тексеріп бақылайтын 2 дәрігер, 2 вакцинатор және медициналық тіркеушілер бар. Таң атқалы бері 80-нен астам адамға вакцина салынды. Жамбыл облысында коронавирустық инфекцияға қарсы егу жұмыстары облыстың 20 емханасының базасында ғана емес, көшпелі жылжымалы бригадаларында да жүргізілуде.
2021 жылдың 28 сәуірінен бастап «Ауыл-Береке» базарының аумағында № 7 және 9 емханаларға жататын екі жылжымалы медициналық кешен базасында мобильді вакцинация кабинеттері ашылды. «Спутник V» вакцинасымен алғашқы егуді «Ауыл- Береке» базарының директоры, содан кейін қызметкерлері алды. Барлық азаматтар екпе алуға ерікті түрде, өз келісімдерімен, кезекпен келді. Келушілер, алдымен, дәрігердің қарауынан және тексеруінен өтті. Егілгендерде отыз минут ішінде реакциялар мен асқынулар байқалған жоқ. Оларға QazCovid-in және «Спутник V» вакцинасы туралы ақпарат берілді. Келесі егу күні 21 күннен кейін белгіленгендігі айтылып, бұл туралы ескерту телефондарына келетіндігі жөнінде де құлаққағыс қылды.
№ 7 және 9 емханалардан, СӨС орталығынан құрамы 10 адамнан тұратын медицина қызметкерлері бригадалары базарда жадынамалар мен үндеухаттарды тарата отырып, түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Егу науқаны барысында «Ауыл-Береке» базарының 1800 қызметкерін егу жоспарлануда.