Сарыкемер ауылындағы әл-Фараби атындағы «Nur Otan» партиясы Байзақ аудандық филиалының ХХХІ есеп беру-сайлау конференциясы өтті. Партияның жергілікті жердегі құрылымы атқарған нақты істері мен алдағы уақыттаауқымды міндеттерді айқындалған жиынға Байзақ ауданының әкімі Бақыт Қазанбасов, «Nur Otan» партиясы Жамбыл облыстық филиалы Саяси кеңесінің мүшесі Фарида Жүнісова қатысты, — деп жазады “ZhambylNews” АА.
Конференция күнтәртібіне «Nur Otan» партиясы Байзақ аудандық филиалы Саяси кеңесінің 2019-2020 жылдары атқарылған жұмыстары туралы есебі және алдағы кезеңге арналған міндеттерін талқылау, «Nur Otan» партиясы Байзақ аудандық филиалы Саяси кеңесінің мүшелері мен «Nur Otan» партиясы Жамбыл облыстық филиалының ХXVIII есеп беру-сайлау конференциясына делегаттар сайлау мәселесі қойылды. Алғашқы мәселе бойынша партияның Байзақ аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Шолпан Байтақова баяндама жасады.
–Партияның Байзақ аудандық филиалына қарасты 21 бастауыш партия ұйымында 4 440 партия мүшесі бар. Олар ауданның қоғамдық саяси өміріне белсене араласып келеді. Қазіргі таңда «Nur Otan» партиясынан партиялық тізіммен аудандық мәслихатқа 15 депутат сайланды. Партияның депутаттық фракциясы жұмысының негізгі бағыты сайлауалды бағдарламаны іске асыру бойынша түзілген Жол картасын іске асыру болып отыр. Аймақта партияның сайлауалды бағдарламасын орындалуын бақылау үшін партия аудандық филиалы жанынан 9 қоғамдық кеңес құрылды. Олардың отырысы бекітілген кестеге сай өтіп, онда сайлауалды бағдарламаны орындау барысындағы негізгі мәселелер күнтәртібіне қойылмақ, – деді Шолпан Қайратқызы.
Баяндамадан соң партия аудандық филиалы жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңесінің төрағасы Алтынбек Жамишжанов, партия аудандық филиалы Партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Мырзағали Мадимаров, «Бурыл» бастауыш партия ұйымының төрайымы Құралай Үкібаева, партияның аудандық филиалы жанындағы «Jas Otan» Жастар қанатының төрағасы Әсет Құрманалиев жарыссөз шықты. Олар өз кезегінде «Nur Otan» партиясы Байзақ аудандық филиалының есепті мерзімде атқарған жұмысына қанағаттанарлық деп бағалады.
Жиында өзге де мәселелер бойынша конференция делегаттары ортақ шешім шығарды.