Былтыр басшылық тарапынан жауапты мамандарға тоқсаныншы жылдардан бері жөндеу көрмеген темір-бетон науа жүйесін қалпына келтіру тапсырылған еді. Ол үшін 6,5 километр науа жүйесінің құрылысына 57 миллион теңге қаражат бөлінген, — деп жазады “ZhambylNews” ақпарат агенттігі.
Бір кездері тамдылық диқандардың еккен тіл үйірер бақша дақылдары қала базарында сұранысқа ие өнімдер қатарында болатын. Қазір қолға кетпен ұстап, жүйек аршитын шаруалар азайғандықтан бақша жемісі ауылдан артылмайды. Бұған егін су тапшылығы себеп.
Бүгінде диқандардың көңілін күпті еткен мәселе оң шешімін тауып келеді. Былтыр басшылық тарапынан жауапты мамандарға тоқсаныншы жылдардан бері жөндеу көрмеген темір-бетон науа жүйесін қалпына келтіру тапсырылған еді. Ол үшін 6,5 километр науа жүйесінің құрылысына 57 миллион теңге қаражат бөлінген.
— Темір-бетон науа жүйесінің 6 километрі қайта қалпына келтірілді. Бұдан бөлек, «Талас-Аса» ЖШС механикалық жасағы су келетін каналдарға қосымша механикалық тазарту жұмыстарын жүргізіп жатыр. Жалпы ұзындығы 5 километрді құрайтын механикалық жасақ оның 2,1 километрін тазалаған. Сондай-ақ науа жүйесінен егістік алқабына су бөлетін 6 тармақ бар. Қазіргі таңда Р-1,Р-2 тармағына жұмыстар басталып кетті. «Жартас» темір-бетон науа жүйесіне жобалық-сметалық құжаттары дайын. «Ақшұқыр» алқабында биыл №1 және №2 темір-бетон науа жүйелері қалпына келтіріледі, — дейді Тамды ауылдық округінің әкімі Рауан Асқаров.
Ауылдық округі әкімінің айтуынша, науа жүйелері қалпына келтірілген соң 300 гектар суғармалы алқапқа ағын су жеткізілетін болады. Бүгінге дейін Мыңшұқыр, Алтынкөл су қоймасынан көлге дейінгі су арнасына тазарту жұмыстары жүргізілген. Бұл міндетті «Тараз СитиКапитал» ЖШС белгіленген мерзім ішінде орындап шыққан.
Жалпы «Ақшұқыр» егістік алқабында 22 шаруа қожалығы нәсібін жерден айырып отыр. Осылайша көп жылдан бері жөндеу көрмеген науа жүйесіне қатысты мәселенің реттелуі бақша баққан шаруалардың іске деген ынтасын арттыруда.