Талас ауданында 1000 басқа арналған бордақылау алаңы, 600 басқа арналған тауарлы сүт фермасы салынуда

0 5

Қызыләуіт ауылындағы «Еламан» шаруа қожалығы 1000 басқа арналған бордақылау алаңын салғалы жатса, «Кәусар» шаруа қожалығы 600 басқа арналған тауарлы сүт фермасы құрылысын бастап кеткен, — деп жазады “ZhambylNews” ақпарат агенттігі.

Қызыләуіт ауылында қырыққа жуық шаруа қожалық бар. Соның ішінде «Еламан» мен «Кәусар» шаруа қожалықтары мал шаруашылығы бағытында жұмыс істеуде.

«Еламан» шаруа қожалығының жетекшісі Ербол Адиловтың айтуынша, шаруашылықта екі мыңға жуық қой, 69 жылқы, 128 бас сиыр мен 311 бас түйе бар. Он алты жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан қожалық мал бордақылаумен айналысуда.

— Біз алда қой санын 5000 басқа жеткізіп, 1000 басқа арналған бордақылау алаңын салуды жоспарлап отырмыз. Сонымен бірге шұбат өндірісін жолға қоймақ ниеттеміз. Ол үшін бізге 150 миллион теңге қажет. Осы қаржыны екінші деңгейлі қаржы ұйымдарынан алу үшін тиісті құжаттарымызды жинастырудамыз, — дейді Е.Адилов.

Қожалық онда төрт түлікті бордақылап, Тараз қаласын отандық өніммен қамтуды жоспарлауда. Несиеге қол жекізсе 100 миллион теңгені бордақылау алаңының құрылысына жұмысамақ. Ал 50 миллион теңгеге сауын апараттары мен шұбат өндірісіне қажетті құрал-жабдықтарды алып, жұмысты бастап кетпек ниетте.

Ал құрылғанына екі жылдан асқан «Кәусар» шаруа қожалығы асыл тұымды мүйізді ірі қара өсіруді қолға алған. Қожалықтың еншісінде 1000 гектар жайылым, 27 гектар егістік жер бар.

Қожалық жетекшісі Айман Имашованың айтуынша, шаруашылық 2018 жылы екінші деңгейлі қаржы ұйымдары арқылы 40 миллион теңге несие алып, оған Германия мемлекетінен 40 бас етті, 49 бас сүтті бағыттағы симминталь мүйізді ірі қара сатып алып келіпті.

— Біздің мақсат мал басын көбейту. Қазіргі таңда сиыр фермасында 131 бас мүйізді ірі қара бағылуда. Шет елден әкелінген симминтальды сиырлардан бөлек, әулекөл және басқа да тауарлы сүт бағытындағы мүйізді ірі қара малын ұстап отырмыз. Малды күтіп баумен бес адам айналысуда. Жем-шөбімізді өз шабындықтарымыз бен жайылымдарымыздан жинап аламыз. Қазіргі жем-шөп бағасының аспандап кетуі біздің де шаруамызға аздап болса да салқынын тигізуде, — дейді ол.

Бүгінгі таңда қожалық 600 басқа арналған тауарлы сүт фермасының құрылысын жүргізуде. Оның жобалық құны екі миллиард теңгеге жуық. Құрылыс жұмысын тоқтатпай жобаны жүзеге асыру үшін шаруашылық тағы несие алмақ ниетте. Жоба жүзеге асса ауылдың ондаған адамы жұмыспен қамтылмақ.

Leave A Reply

Your email address will not be published.