Жамбыл ауданында «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында ағымдағы жылы 3 тіректі елді мекенді (Айшабибі, Полатқосшы, Өрнек) және 7 спутниктік елді мекендерді (Бектөбе, Қызылқайнар, Түрксіб, Пригородное, Гродиково, Ерназар, Тоғызтарау) қаржыландыру үшін 16 жобаға 883 млн 503 мың теңге бөлініп отыр, — деп хабарлайды “ZhambylNews” ақпарат агенттігі.
Өткен жылы жоба шеңберінде ауданда ауыз толтырып айтатындай жұмыстар атқарылғанын жергілікті жұртшылық жақсы біледі. Аудан орталығы – Аса ауылынан керемет үлгідегі денешынықтыру-сауықтыру кешені бой көтерсе, Қаракемер ауылынан халықтың көптен бергі арманы орындалып, ауылға 90 орындықты ауылдық клуб салынды. Заманында жатахана болған Б.Момышұлы мектеп-гимназиясының жанындағы нысан күрделі жөндеуден өтіп, техникалық шығармашылық және кәсіби бағдар беру орталығы болып пайдалануға берілді. Бүгінде аталмыш нысандарда түрлі үйірмелер ашылып, жастар спорттың көптеген түрлерімен айналысуда. Бұдан бөлек жоба арқасында көптеген көше асфальттанып, жарықтандырылды. Сәтін салса ел игілігіне салынған алып нысандар жас буынды шынықтырып, толағай табысымен қайта оралатыны қақ.
– Аталған жоба аясында бірқатар нысан қажеттілікке берілді. Ағымдағы жылы да өзгерістер легі жалғасын табатын болады. Атап айтсақ Өрнек ауылында 202 млн теңгеге 140 орынды өнер ордасының құрылысы басталмақ. Ағымды шығындар бойынша 15 жоба жүзеге асады. 4 мектепті күрделі жөндеуге 359 млн 480 мың теңге жұмсалады. Дәлірек айтар болсам, Айшабибі о/м 132 млн 651 мың теңге, Макаренко о/м 71 млн 903 мың теңге, Жасөркен о/м 24 млн 584 мың теңге, Амангелді о/м 130 млн 342 мың теңге, — деді аудан әкімдігі экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Қуаныш Бүркітәлиев.
Қуаныш Қалмаханұлының айтуынша, аудан бойынша 11 ауылішілік жолдарды жөндеуге 321 млн 938 мың теңге қарастырылып отыр. (Жалпақтобе ауылында 1 жоба 14 млн 822 мың теңге, Гродиково ауылында 1 жоба – 86 млн 751 мың теңге, Пригородное ауылында 1 жоба 43 млн 339 мың теңге, Өрнек ауылында 4 жоба 103 млн 664 мың теңге, Ерназар ауылы 3 жоба 57 млн 186 мың теңге, Тоғызтарау ауылы 1 жоба 16 млн 176 мың теңге). Бұл жобалардың кейбірі тиянағын тауып үлгерген. Ал қалған жобалар бойынша мемлекеттік сатып алу конкурсы ұйымдастырылуда.