Жамбыл ауданында екі жанұя «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының облыстық кезеңіне өтті

0 0

Жамбыл ауданында екі жанұя «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының облыстық кезеңіне өтті, — деп хабарлайды “ZhambylNews” ақпарат агенттігі.

Елімізде «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсы басталып, оның облыстық, қалалық, аудандық іріктеу кезеңдері өтуде. Қазақстанда бұл байқау 2014 жылдан бері өткізілуде.

Байқаудың мақсаты – өнегелі құндылықтарды жаңғырту, балаларды тәрбиелеуде ата-ананың жауапкершілігін арттыру, отбасы құндылықтарын кеңінен насихаттау, қазақстандық отбасының жағымды имиджін қалыптастыру.

Аталмыш конкурсқа аудан бойынша 20 отбасының құжаттары тіркеліп, оның ішінде тиісті комиссия шешімімен ауданның, облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан, асыраушысынан айырылған балаларды құшағына басқан, ұлттық құндылықтарды кеңінен насихаттап, елімізге танымал болған 5 отбасы анықталды.

Көпке үлгі болған жанұяларды қабылдаған аудан әкімінің орынбасары Олжас Баққараев әкімдіктіктің кіші мәжіліс залында олармен еркін форматта жиын өткізді.

Әрбір отбасы өзіндік өмір жолындағы жетістіктері мен марапаттарын айтып, таныстырды. Хаттамалық шешім бойынша көкпардан бірнеше мәрте ел чемпионы болған, ауданның мақтанышы атанған Тазабековтер мен құсбегілікпен қатар, атқа міну мәдениетін қалыптастырып, таз асырап, ұлттық құндылықтарымызды кеңінен дәріптеп, облыстық турнирлерден еншісін алған Ешметовтер отбасы облыстық кезеңге өтті.

– Шаңырақ шаттығы мен ұлттық тәрбиені ұлықтайтын бұл байқаудың маңызы ерекше. Отбасы – береке-бірліктің қайнар көзі. Ендеше әрбір жанұя мерейлі, мәртебесі биік болса, қазақ елінің де абыройы асқақ болары анық. Ел аузында жүрген отбасылармен көрісіп, тілдесу – үлкен мәртебе. Келесі кезеңге өткен жанұяларға сәттілік тілеймін, – деді шарада сөз алған Олжас Елебекұлы.

Шара соңында барлық отбасыға сый-құрмет көрсетіліп, бағалы сыйлықтар тарту етілді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.