ANTIKOR: Жамбыл облысында министрліктің бірқатар лауазымды тұлғасын жауапқа тарту ұсынылды

0 7

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің басшысы Әділхан Әшірбаевтың төрағалығымен отырыс өтті.

Жиында еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің басшысы М. С. Есболғановаға, оның орынбасары С. Х. Тұңғышбаевқа және осы департамент басшысының міндетін атқарушы М. С. Зейнебековке қатысты қылмыстық құқықбұзушылық жасауға ықпал еткен мән-жайларды жою туралы ұсыныс қаралды.

Онлайн-отырысқа ZOOM арқылы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің аппарат басшысы, сондай-ақ ведомствоның өңірлік департаменттерінің басшылығы қатысты.

Естеріңізге сала кетейік, М.С. Есболғанова қызметтік жағдайын пайдалана отырып, Министрлік басшылығына 2 000 000 теңге көлемінде пара беру қажеттілігі сылтауымен көрсетілген ақшалай қаражатты алаяқтық жолмен алған болатын.

«Аталған факті бойынша М.С. Есболғановаға қатысты қылмыстық іс ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы 2-бөлігі, 28-бабы 2-бөлігі, 367-бабы 2-бөлігі бойынша алаяқтық және пара беруге итермелеу фактілері бойынша айыптау актісімен қарау үшін сотқа жолданды. Қазіргі уақытта Тараз қаласының №2 сотының шешімен М.Есбулгановға 38 500 000 теңге айыппұл тағайындады, ал С.Тұңғышбаев үш жылға бас бостандығынан айырылды. Жоғарыда аталған лауазымды тұлғалар мемлекеттік қызметте, соттарда, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкінде және оның ведомстволарында, қаржы нарығын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органдарда және қаржы ұйымдары, мемлекеттік ұйымдар және квазимемлекеттік сектор субъектілерінде лауазымдарға орналасу құқығынан айырылады. Министрліктің жауапты хатшысының 2020 жылдың қазанындағы М. С. Есболғанованы лауазымдық өкілеттіктерін атқарудан уақытша шеттету туралы бұйрығы негізінде департамент басшысының міндеттерін атқару М. С. Зейнебековке жүктелген», — деп хабарлады аса маңызды істер бойынша тергеуші Жасұлан Керімбаев.

Алайда, Зейнебеков М.С. әріптестерінің сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылық фактісі бойынша қылмыстық іс сотта қаралуынан сабақ алмаған және өзі қылмыстық жолға түскен. Жоғарыда аталған қызмет бабын осыған ұқсас пайдаланып, Тараз қаласының тұрғыны №5 Тараз қалалық емханасы бас дәрігерінің орынбасары Р.Е. Аймурзаевтан 2-топтағы мүгедектікті ұзартуға көмектескені үшін 100 000 теңге көлемінде пара алды.

«Аталған факті бойынша тергеу жүргізілді , ол бойынша М.С. Зейнебеков аталған қылмыстық құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, 2 500 000 теңге мөлшерінде айыппұл салумен сотталды», — деп толықтырды Жасұлан Керімбаев.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі аппаратының басшысы Аида Құрманғалиева ұсынысты қарау барысында аумақтық департаменттерде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою бойынша жүргізілген жұмыстарға тоқталды.

«Биыл 14 маусымында Министрлік аумақтық департаменттердің барлық жеке құрамының қатысуымен сыбайлас жемқорлыққа қатысты құқықбұзушылықтарды болдырмау бойынша кеңес өткізді. 2 мамырда Еңбек министрі «Сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылықтарының алдын алу жөніндегі Жол картасын» бекітті. Жол картасы шеңберінде аумақтық департаменттердің кадрлық құрамына талдау, сондай-ақ комитеттің және оның аумақтық департаменттерінің жемқорлық тәуекелдеріне талдау жүргізілді, оның нәтижелері бойынша бірқатар ұсынымдар берілді. Сонымен қатар, жұмыс тобы Түркістан және Шымкент қалалық департаменттеріне барды. Алдағы уақытта Жамбыл облысына бару жоспарлануда. Жыл ішінде мүгедектердің орталықтандырылған дерекқорының ақпараттық жүйесі бойынша айқаспалы тексерулер жүзеге асырылады. Тоқсан сайын аумақтық департаменттердің қызметкерлерімен сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты жүзеге асыру бойынша семинарлар өткізіледі», — деді Аида Құрманғалиева.

Департамент басшысы Әділхан Әшірбаев атқарылған жұмыс қорытындысын тыңдап, жемқорлыққа қарсы саясатты жақсарту бойынша ұсыныстар айтты.

«Бұдан әрі аталған құқық бұзушылықтарды болдырмау мақсатында қылмыстық құқық бұзушылықтар жасауға байланысты министрліктің жауапты лауазымды тұлғаларының тәртіптік жауапкершілігін қарастыруды ұсынамыз», — деді ол.

Leave A Reply

Your email address will not be published.