Шу ауданында алқаптардың басым бөлігіне су үнемдеу технологиясы енгізілген

0 1

Шу ауданында орналасқан «Qyzylsha» жауапкершілігі шектеулі биыл 1122 гектарға 25 дана заманауи жаңбырлатып суару қондырғысын орналастырған. Аз шығынмен мол өнім алуды көздеп отырған серіктестік бүгінде қызылша, жүгері, картоп өсірумен айналысуда, — деп жазады “ZhambylNews” AA.

– Серіктестік иелігінде жалпы, суармалы жер көлемі 3819 гектар болса, оның ішінде 1819 гектар жерді маңайдағы ұсақ шаруа қожалықтарды біріктіру арқылы ұқсатып отырмыз. Бұдан бөлек, қосымша 3048 гектар жер учаскесі жер комиссиясының оң шешімін тапты. Су үнемдеу технологиясын 1562 гектарға қолданып отырсақ, 1122 гектары жаңбырлатып, 440 гектары тамшылатып суару арқылы ылғалдандырылып отыр. Тарқата айтқанда, 765 гектар қызылша мен 305 гектар алқапқа дәндік жүгері егіп, оны жаңбырлатып суару үстіндеміз. Тамшылатып сауару технологиясы қолданылып отырған алқаптың 113 гектарына 5 түрлі шетелдік картоп ектік. Оның ішінде кейбірі ерте пісетін түрі болса, кейбірі кеш пісетін сұрып. 4 гектарға картоп, браколи, 6 гектарға қант қызылшасын тәжірибе түрінде отырғыздық. 14 гектар ерте пісетін картопты қазу жұмысы бүгінде аяқталып қалды. Науқан жұмысына 70-80 адамды күніне 7 мың теңге ақы төлеу арқылы жұмылдырып отырмыз. Жалпы серіктестік 300 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр,–деді аталған шаруашылықтың бас директоры Мұқаш Үсембаев.

Одан басқа серіктестік 600 гектарға мақсары, 1113 гектарға жаздық арпа отырғызыпты.

Ауданға іс сапармен барған аймақ басшысы серіктестіктің кезінде арпа-бидай ғана егілетін алқапты бүгінде картоп, қызылша, қырыққабат, тәтті бұрыш секілді көкөніс және басқа да дақылдар егетін алқапқа айналдырғанын басқаларға үлгі тұтты. Мұнда егілген салатқа қосатын қырыққабаттың құны қымбат түрінің басқа аудандарда жоқ екеніне назар аударып, серіктестіктің басқа шаруашылықтарды өз қарамағына алып, өз өрісін кеңейтудегі және жаңбырлатып суару технологиясын енгізудегі, өнім алудағы жанкешті еңбегін, көкөністер мен басқа да дақылдардың елде жоқ сұрпын егіп отырған тәжірибесін өзге шаруашылықтарға тарату қажеттігін меңзеді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.