Талас ауданында Болатбек жылыжайынан 10 тонна өнім жинаған

0 5

Көктөбе елдімекенінің тұрғыны Болатбек Тілепбергенов үй іргесіндегі жер теліміне жылыжай салып, сәуір айында одан 4 тонна өнім жинап, оның әр килограмын Тараз қаласына 700 теңгеден өткізген. Ал жазда үй іргесіндегі жер телімінен 6 тонна өнім алған, — деп хабарлайды “ZhambylNews” AA.

Ойық ауылдық округіне қарасты Көктөбе елдімекенінің тұрғыны Болатбек Тілепбергенов үй іргесіндегі жер теліміне жылыжай салып, көкөніс өсіруде. Оның өз ісіне тиянақтылығы ауласына енгеннен-ақ байқалады. Ауласы тап-тұйнақтай таза, айналасын неше түрлі гүл көмкерген, артық-ауыс көлденең жатқан бір зат жоқ. Бақшасындағы қияр, пияз, сәбіз, қызанақ жүйектері жайқалып тұр, арасынан бір тал арам шөп көрмейсің.

— Бақшадағы пияздан 15, сәбізден 10 қап өнім жинаймын деген ойым бар. Өз отбасыма жетеді, ал қиярды күнделікті өз қажеттілігімізге тұтынып отырмыз, — дейді Болатбек.

Жылыжай 3 сотық жерге орналастырылған. Темірден қиюластырып соғылған жылыжайдың қабырғалары клеёнкамен, төбесі арнайы күн сәулесін өткізетін пластик тор материалмен қапталыпты. Төбесіндегі осы тордан 45 пайыз күн сәулесі, 55 пайыз көлеңке түседі екен.

— Жылыжайға қаңтар айында қызанақ көшетін отырғызып, сәуір айында одан 4 тонна өнім жинадым. Оны Тараз қаласына апарып, алғашында әр килограмын 700 теңгеден өткізсем, соңына қарай 300 теңгеден өткердім. Үй іргесіндегі 50 сотық жер теліміне қызанақты көшетінен отырғызып, одан да 6 тонна өнім алдым. Оны да Тараз қаласындағы базарларға апарып өткердім, — дейді кәсіпкер.

Қазіргі таңда жылыжайға қызанақтың жаңа көшеттері отырғызылған. Оның сабағы біршама бой алып қалған. Кәсіпкер одан өнімді қазан айында жинамақ ниетте.

Жылыжайда көкөністің өсіп-жетілуіне барлық жағдай жасалған. Жылу жүйесі жүргізіліп, көгілдір отынға қосылған. Өскіндер тамшылатып суарылады. Жылыжай ішіндегі термометр арқылы ішкі температура да басты назарда ұсталады.

2019 жылы 3,5 миллион теңгеге осы жылыжайды салған тұста Болатбек алғаш қияр егіпті. Содан тәжірибе жинаған ол табысы мол көкөніс өсіруген ден қойған. Оның ендігі мақсаты – жылыжайды үлкейту. Оған қажетті жер жылыжайдың қасында бар. Енді қаржы тауып, арманын жүзеге асыруды ойластырып жүр.

Leave A Reply

Your email address will not be published.