Тұрар Рысқұлов ауданында мектептердің жаңа оқу жылына дайындық барысы зерделенді

0 26

Санаулы күндерден кейін жаңа оқу жылы басталады. Осы орайда, Т.Рысқұлов ауданы әкімінің орынбасары Әлібек Терлікбаев аудандық білім бөлімінің басшысы Майра Базаровамен бірге білім инфрақұрылымының жаңа оқу жылында оқушыларды қабылдауға дайындығымен танысты, — деп хабарлайды “ZhambylNews” AA.

Еске салсақ, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мектеп оқушыларының дәстүрлі форматта оқуға дайындығын қамтамасыз етуді тапсырған болатын.

Қазір аудан мектептерінде жаңа оқу жылына дайындық барысы қарқынды жүріп жатыр. Зерделеу барысында Жамбыл атындағы орта мектебінің, Бірлес шағын орталықты орта мектебінің және Алғабас орта мектебінің  жаңа оқу жылына офлайн форматтағы дайындығы тексерілді.

Еліміздегі күрделі эпидемиологиялық ахуалды ескере отырып, білім беру үдерісі кезінде қауіпсіздік шаралары мен әлеуметтік қашықтықты қамтамасыз ету үшін жаңа оқушы орындарын ашу барынша маңызды. Сол себептен, ең алдымен мектептердегі санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздік шараларын сақтау мәселелеріне, қажетті құрал-жабдықтардың  жұмыс істеуіне жіті назар аударылды. 

 

Сонымен қатар, Білім министрі Асхат Аймағамбетов балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында  мектептерді жылы дәретханалармен жабдықтау, даладағы дәретханаларды жою мәселесін 1 қыркүйекке дейін толық шешу міндеті қойған болатын. Аудан аумағында орналасқан барлық білім беру ошақтарында дала дәретханаларын жою жұмыстары зерделенді.

Дәретханалардың жұмыс істеп тұруы, одан кейін бөлек кабиналардың болуы, сумен қамтамасыз етілуі назардан тыс қалмады. 

Сондай-ақ, аудан әкімнің орынбасары Әлібек Мамытжанұлы білім мекемелерінің аумағындағы абаттандыруды мерзімінде аяқтаудың маңызды екенін атап өтіп, бірқатар нақты тапсырмалар берді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.