Жуалы ауданындағы «Айкөркем» наубайханасында күніне 500-600 данаға дейін нан өнімдері шығарылуда

0 17

Бұрындары нан өндірушілер тек қана аудан орталығында болса, қазір орталыққа жақын бірқатар ауылдарда шағын наубайханалар іске қосылып, өнімді жұмыс жасауда. Нан өнімдерін шығарумен тұрақты айналысып келе жатқан шағын кәсіпорындардың бірі Көкбастау ауылдық округіне қарасты Қосбөлтек ауылындағы «Айкөркем» наубайханасы. Қазір мұнда күніне 500-600 данаға дейін нан өнімдері шығарылуда , — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.

Кәсіпкерлік саласында алты жылдан бері өнімді жұмыс жасап отырған кәсіпкерлік нысанының ісі ілкімді. «Айкөркем» жеке кәсіпкерлігінің иесі Күнсұлу Қамбарова 2015 жылы «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы арқылы үш миллион теңге көлемінде жеңілдетілген несиеге қол жеткізіп, бұл қаражатқа Шымкент қаласынан нан пісіруге арналған пеш және қамыр араластырғыш, тағы басқа қосымша жабдықтар сатып алғанын айтады.

Аяғынан нық тұрған, ауданда нан өндірісі жөнінен өзіндік орны бар «Айкөркем» наубайханасында нан өнімдерінің бірнеше түрі шығарылып, күнделікті тұтынушыларға жөнелтіледі. Атап айтқанда, орта салмағы 600 грамды құрайтын бөлке наннан бастап, тандыр нанның және бөлішкенің бірнеше түрі шығарылады. Күніне орта есеппен 500 дана ыстық нан Көкбастау ауылдық округіндегі және аудан орталығы Б.Момышұлы ауылындағы 23 дүкенге жөнелтіледі екен.

«Бәрін айт та, бірін айт» демекші, нан өндірісінде өзіндік орны бар «Айкөркем» наубайханасында бес адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Оның төртеуі нан пісіретін қыз-келіншектер болса, біреуі нан тасымалымен айналысатын жұмысшы. Жеке кәсіпкер наубайхана жұмысшыларына қажетті жағдайларды жасап отыр. Еңбекақылары уақтылы төленіп, қосымша көмек ретінде сыйақы да қарастырылған. Наубайханада күніне төрт қап ұннан нан дайындалып, дүкендерге 90 теңгеден өткізілуде.

.

Leave A Reply

Your email address will not be published.