Биыл күздік бидай 152,7 мың гектар алқапқа себу жоспарланған. Бүгінгі таңда алқаптарға себілгені 77,8 пайызды құраса, қалған 22 пайызды ауыл шаруашылығы мамандары қараша айының он күндігінде аяқтаймыз деп уәде етіп отыр , — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.
Облыста күзгі дала жұмыстары қызу жүргізілуде. Облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, биыл 152,7 мың гектар алқапқа күздік себу жоспарланған. Оған қажетті егістік жердің 96,7 пайызы дайындалып, 118 782 гектар алқапқа күздік себілген. Бүгінгі таңда жоспар 77,8 пайызыға орындалған.
«Сапалы өңделген топырақта ғана дақылдың өсіп, дамуына қажетті жағдайлардың бәрі жасалуда» – дейді сала мамандары.
— Бір ғана Байзақ ауданын алып қарайтын болсақ, олар алдағы жылы дәнді дақылдардан жақсы өнім алу үшін аудан диқандары сүдігер жыртып, тыңайту жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бүгінгі таңда ол ауданда 231,2 мың гектар сүдігер жыртылып, жоспар 53,6 пайызға орындалған. Онда күздік себу жұмысы да аяқталып келеді. Ал жалпы облыс бойынша күздік себуді қараша айының алғашқы он күндігінде 100 пайызға жеткізу жоспарымызда бар, – дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қайрат Аманов.