Тараздағы НЗМ оқушылары өңірге танымал ақындармен кездесті

0 28

Тараз қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде «Замандастар жырлары» жобасы аясында өңірімізге белгілі ақындар –Үміт Битенова, Нұржан Қадірәлі, Шапағат Әбдірмен кездесу кеші өтті. Әдеби кеште қаламгерледің өмірі мен ақындық өнерге келу жолы тақырыбында әңгіме өрбітті. Қазақ тілі мен әдебиеті ӘБ ұйымдастырумен өткен игі шараға мектеп ұжымы мен оқушылар қатысты.

Бір топ мектеп оқушылары қонақтардың өлеңдерін киелі сахнада мәнеріне келтіре оқыды. Қонақтардың «Туған жер», «Менің отым», «Ұлға тілек» атты өлеңдері оқылып, көрерменнің қошеметіне бөленді.

Үміт Битенова, ақын, әнші-сазгер көпшілікке танымал «Мені ойлап қам жемеші, мама» атты әнін орындап, жиналған қауымның көңілін тербетті.
— Физика-математика бағытында жүріп, әдебиетке уақыт арнаған оқушыларға алғысымды айтамын. Бұл зияткерлердің әдебиетке деген қызығушылығының артқандығын көрсетеді,-дейді ақын, Республикалық Жұматай Жақыпбаев, Серік Томанов атындағы мүшәйралардың бас жүлдегері, халықаралық «Шығыс шынары», Төлеужан Ысмайылов атындағы «Шабыт» арнайы жүлде иегері Нұржан Қадірәлі.

Осыдан кейін оқушылар қонақтарға балалық шағы, өмір жолы, алғаш жазған өлеңдері, достары туралы сұрақтар қойып, қызықты, өнегелі жауап алды.

— Міне, бүгін біз туған жерге өзінің шығармашылығымен, талантымен үлес қосып жүрген жас ақын-жазушылар жайлы білдік, таныстық, олардың көркем шығармаларынан үзінділер оқып, рухани тәрбие алып, ақындық өнерге деген сүйіспеншілігіміз артты,-дейді 7-сынып оқушысы Рамазан Қасқарау.
Мектеп директоры Қаракөз Абдрахманова қаламгерлерге алғыс айтып, естелік сыйлықтар тапсырды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.