Жуалыда атқарылған жұмыс та, жоспарлы жобалар да аз емес

0 2

Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітовтің аудандарға жұмыс сапары жалғасуда. Бұл жолы аймақ басшысы Жуалы ауданындағы бірқатар әкімшілік, әлеуметтік нысандарды аралап, құрылыстар барысымен, жеке кәсіпкерлік пен шаруа қожалықтардың жұмысымен танысты – деп хабарлайды “ZhambylNews” АА облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Алдымен облыс әкімі  Нұрлыкент ауылындағы «Гамбург» ЖШС шаруа қожалығына барды. 25 жылдан бері мал шаруашылығы және егіншілікпен айналысып келе жатқан серіктестікте 100-ден аса адам еңбек етеді. Шаруа қожалық басшысы Кох Георг егіншілікте су үнемдеу технологиясын тиімді пайдаланып отырғандығын, бұдан бөлек 1500 бас ірі қара малы, 100 бас жылқысы бар екендігін жеткізді.

Сондай-ақ, ол осыдан бірнеше жыл бұрын басталған 1200 басқа арналған сүт тауарлы фермасының құрылысы аяқсыз қалып отырғанын айтты. Оған қаржылық қиындықтар себеп болуда.

Аймақ басшысы қаржылай қолдау шараларының мүмкіндігі қарастырылатынын атап өтіп, ол бойынша жауаптыларға мәселенін шешім жолдарын ұсынуды тапсырды.

Келесі кезекте Шақпақата ауылдық округі әкімдігінің қызметімен танысқан Нұржан Нұржігітовке атқарылып жатқан жұмыстар жан-жақты баяндалды.

Округте газбен қамту көрсеткіші 100 пайызды құрайды. Таза ауыз су мәселесі де шешілуде. Өткен жылы 4 ауыл тұрғыны қайтарымсыз грантқа қол жеткізген. «Асарлатып үй салу» жобасы аясында мұқтаж отбасы үшін ауыл ішіндегі тұрғын үй күрделі жөндеуден өткізіліп, пайдалануға берілген.

– Төрт мыңнан астам халқы бар ауылдың төрт-ақ тұрғыны қайтарымсыз грантқа ие болған. Бұл өте аз. Осы тұрғыдағы ұйымдастыру, түсіндіру, ынталандыру шараларын арттыру қажет.

Демеушілік есебінен аз қамтылған отбасылардың баспана мәселесінің шешіліп жатқандығы дұрыс. Алайда, «Асарлатып үй салу» жобасының маңызы басқа. Ол қазақы асар дәстүрін жаңғырта отырып, ауылдықтарды игі іске жұмылдыру, бірлік пен мейірімділікке үндеу мақсатына негізделген. Жобаға осы тәрбиелік мәні жағынан ден қою -керек,-дей келе облыс әкімі инвестициялық жобаларды жүзеге асыру маңыздылығын жеткізді.

Осы ауылда орналасқан «Samurai» ЖШС-нің сүт өнімдерін өндеу цехының қуаттылығы 4 тоннаны құрайды. Қазіргі таңда тәулігіне 1,5 тонна сүтті қабылдауда. Өнімдер Тараз қаласынан бөлек Алматыға да өткеріледі.

ЖШС басшысы Нұрбахыт Тілегенов кептірілген нан (сушиға арналған) өнімдерін шығаратын зауыт салуды жоспарлап отыр. Қажетті жер мәселесі шешілген жағдайда жобаны ағымдағы жыл соңына дейін қосып, 20 адамды тұрақты жұмыспен қамтымақ.

Облыс әкімі «Қаралма» тау шаңғы спорт кешенінің құрысы екі-үш жылдан бері созылып келе жатқана назар аудартып, жұмыстарды биыл қалайда толығымен аяқтауды тапсырды. Бүгінде мұндағы инфрақұрылым мәселесі 100 пайызға шешілген.

Б.Момышұлы ауылы кіре берісіндегі «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» автожолы бойында іргетасы қалана бастаған сервистік жобалармен және ауданның бас жоспарымен танысқан Нұржан Нұржігітов жүргізушілер мен жолаушыларға қызмет көрсететін нысандардың сыртқы дизайны бір үлгіде болу керектігін ескертті.

«Злиха» шаруа қожалығының егіс алқабында болған өңір басшысы картоппен облысты қамту бойынша жұмыстарды күшейту керектігіне тоқталды. Сонымен қатар, алқап басында стенд арқылы «Облыс тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсарту» пилоттық жобасының Ақсай ауылдық округінде жүзеге асу барысымен танысты. Бұл ауыл тұрғындары жоба аясындағы қайтарым қаражаттары есебінен қаржыландырылуда.

Бұдан бөлек, Нұржан Нұржігітов жауаптыларға Дихан ауылында салынып жатқан 180 орындық жаңа мектептің құрылысын сапалы жүргізуді әрі кестеге сәйкес уақытылы тапсыруды міндеттеді. Қазіргі кезде оқу ордасының ішкі жұмыстары аяқталған. Мұнда аймақ басшысына аудандағы білім саласының жетістіктері мен мәселелері баяндалды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.