Әкімдердің халықпен кездесулері жалғасуда

0 11

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев үстіміздегі жылдың наурыз айында «Әкімдердің халықпен кездесулер өткізуі туралы» Жарлыққа қол қойған еді. Аталған құжатта барлық деңгейдегі әкімдердің жыл бойы халықпен кездесулер өткізуі, олардың барысында халықты толғандыратын әлеуметтік мәселелерге баса назар аударуы міндеттелген. Сондай кездесулердің бірін Шу ауданының әкімі Сәкен Арубаев өткізді,- деп жазады  «ZhambylNews» АА.

Ең алдымен Сәкен Қаланұлы Жаңа жол және Ескі Шу ауылдық округтеріне ат басын бұрып, ондағы халықты ағымдағы жылы атқарылатын жұмыстардан құлағдар етті. Дәлірек айтсақ, биыл Жаңа жол ауылына жергілікті қазынадан 10 миллионнан аса қаржы бөлініп, ауыз су құбырының мұнарасына күрделі жөндеу жүргізілмек. Ал көршілес орналасқан Ескі Шу ауылдық округіндегі Еңбекші елді мекенінде су жүйелері мен су шығару нысанының құрылысы басталмақ. Жобалық құны 514 миллион теңгені құрайтын нысанның құрылысы биыл басталса, келесі жылы толық аяқталады деп күтілуде. Сондай-ақ, С.Қаланұлы биыл Белбасар ауылындағы Х.Сауранбаев көшесіне орташа жөндеу жұмыстары жүргізілетінін жеткізді. Басқосу барысында атқарылған жұмыстар ғана айтылып қоймай, түйткілді мәселелер де көтерілді. Қос ауылдың тұрғындары тұтас ауылды алаңдатқан электр желілері, жайылым, ағын су және жол жөндеуге қатысты сауалдарын қойып, аудан әкімі тарапынан тұшымды жауап алды. Бұдан әрі аудан басшысы Дулат және Балуан Шолақ ауылдық округтерінің тұрғындарымен кездесті. Мұнда да ағымдағы жылы қолға алынатын жұмыстар тізбегі баяндалды. Мысалы, үстіміздегі жылы Дулат ауылдық округіне қарасты Бөлтірік ауылындағы орталық саябақ қоршалса, осындағы Темірқазық көшесіне, Бәйдібек ауылындағы К.Бұтабай көшесіне жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Бұдан бөлек, биыл Балуан Шолақ ауылында да қыруар жұмыс атқарылмақ. Анығын айтқанда, 30,8 миллион теңгеге Бармақ көшесіне жөндеу жүргізілсе, 13,5 миллион теңгеге жаяу жүргіншілер жолы салынады. Аталған жұмыстар «Ауыл – ел бесігі» жобасының аясында қолға алынған.

Leave A Reply

Your email address will not be published.