Назарбаев Зияткерлік мектебінде оқушыларға арналған «Туған елге тағзым» өлкетану-зерттеу экспедициясы аяқталды

0 22

Тараз қаласы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде оқушыларға арналған «Туған елге тағзым» өлкетану-зерттеу экспедициясы аяқталды.

Бес күн бойы туған өлкесінің тарихымен танысып, мәдениетін зерттеп, өндіріс орындарына баруға мүмкіндік алды.

Алғашқы күні жас өлкетанушылар Тараз қаласының тарихи жерлеріне экскурсия жасады. Ең алдымен Қазақстан хандығының 550-жылдығына арналған монументінде болып, Айша бибі, Бабаджа – Хатун, Қарахан, Тектұрмас кесенелері мен «Шахристан» тарихи-мәдени орталығы тарихымен танысты. Батыр бабамыз Бауыржан Момышұлының мұражайы мен оның туған жері «Мың бұлақта» болды. Сонымен қатар «Гончаровтардың үйі», ірімшік зауыты, «Burnoye Solar-1» күн электр станциясына да табан тіреді.
Ортағасырлық қоныстар мен шатқалдардың тарихын және флорасы мен фаунасын зерттеу мақсатында екінші күні «Қарасай» шатқалына экскурсия жасады. «Қарасай» шатқалындағы таңбалы тастар мен петролигфтерді зерттеген зияткерлер Ақыртас елді мекені, орта ғасырлық Ақыртас ескерткіші, төменгі Барсхан кенті, Қара-Арчада болды.

«Туған елге тағзым» өлкетану-зерттеу экспедициясының үшінші күні оқушылар мерейлі Меркі жеріне саяхат жасады.Ауданның тарихына қаныққан өрендер алдымен «Меркі тарихи-өлкетану» мұражайына барды.«Меркі» қалашығы,петроглифтер және түркі руна жазбалары, «Мерке» шатқалысының флорасы мен фаунасы оқушыларды бей-жай қалдырмады.

-Аң-құс, өсімдік түрлерінің көп болуына Меркі табиғатының жайлы, топырағының құнарлы әрі әртүрлі болуы үлкен ықпал жасаған. Жауын-шашыны қалыпты. Тау бөктерлерінің то­пырағы қара, қошқыл, қызылқо­ңыр болуы салқын ауаға ың­ғайлы өсімдік түрлерінің көп өнуі­не әсер етсе, жазықта сұр, боз­ғылт құм-топырақты болып келуі тағы да басқа шөп түр­лерінің өсуіне, өнуіне негіз қа­ла­ған. Аз болса да сазды жер де бар-дейді география пәнінің мұғалімі Нұрбол Аманбеков.
Төртінші күні өлкетанушылар «Көксай» шатқалына аттанды.

-Бұл аймақ, биологиялық құндылықтарға толы екен. Мұнда тоғайлар, арша тоғайлары, таулы альпі шалғындары шалғынды далалармен алмасып отырады. Тоғайларда қайыңның жойылып бара жатқан түрлері (талас және тянь-шань қайыңдары), ұусақ жапырақты тас, Түркістан рябинасы, ағашты және бұталы аршалар өсетінін білдік,-дейді Бибінұр Еркін.

Мұнан соң олар Қазақстандағы ең көне қорық-Ақсу-Жабағлыға ат басын бұрды.
Соңғы күні өлкетанушылар саяхат барысында жинаған мәліметтерін негізге ала отырып дайындайтын ғылыми жобаларының тақырыптарын талқылады. Жиын «Туған елге тағзым» экспедициясының жабылу рәсіміне ұласты. Демалыс уақытын тиімді пайдаланып, білім көкжиегін кеңейтен өрендерге мектеп директорының алғыс хаты табысталды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.