Шу қаласын дамытудың мәселелері қаралды

0 12

Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітовтің төрағалығымен Шу қаласын дамыту мәселелері жөніндегі кеңестің отырысы өтті. Шағын қаланың шырайын кіргізіп, болашағын жарқын ету мақсатындағы жасалып жатқан бүгінгі қадамдар мен жүйеленуі тиіс жұмыстар зерделенген жиында аудан әкімі Сәкен Арубаев баяндама жасады. 38 230 тұрғыны бар Шу қаласы 8 алқаптан тұрады.

Тұрғындарға «Темір жол су» ЖШС және «Ауыз су» кәсіпорны ауыз су жеткізумен айналысады. Аудан әкімінің мәліметіне сай қала тұрғындарының 70 пайызы таза ауыз суға қол жеткізген.

«Ендігі кезекте «Қант зауыты», «Жанкулиев», «Жайсан», «Горгаз» аталатын 4 тұрғын алқабын ауыз сумен қамту қажет. Биылға «Қант зауыты» тұрғын алқабына қаржы бөлініп, мердігер анықталуда, нысан келесі жылға өтпелі. «Жанкулиев» тұрғын алқабын ауыз сумен қамту Төле би ауылын сумен жабдықтау жүйелерін қайта құру жобасында қаралған. Ал «Жайсан», «Горгаз» алқаптарының ауыз су жүйелерінің құрылысына 2023 жылға жобалық-сметалық құжат әзірлейтін боламыз. Аталған алқаптарда 11 мыңға жуық адам тұрады. Ол тұрғындардың 28,7 пайызын құрайды», дейді аудан әкімі Сәкен Арубаев.

Сондай-ақ, аудан әкімі кәріз жүйесінің 86 пайызы тозғанын, соның салдарынан иісі қалаға келіп, тұрғындардың наразылығын туғызып жатқанын жеткізді. Шу қаласының кәріз және шайынды су жүйелерін қайта құру жұмыстарына жоба дайындалып, жұмыс 2010 жылы басталып, бірақ аяқсыз қалған. Мердігер сотталып, бүгінде жоба қайта дайындалуда екен.

Ал қала тұрғындарын үймен қамтуға қатысты аудан басшысы:

– Тұрғын үй кезегінде 868 адам тіркелген. 5 қабатты 80 пәтерлік 3 үйдің құрылысына «Жетісу» ықшам ауданынан 2,8 миллиард теңгеге бюджеттік өтінім берілді. Ол қолдау тапса 240 азамат тұрғын үймен қамтылатын болады. Сонымен қатар, Шу қаласындағы әскери қалашықта күрделі жөндеуді қажет ететін 75 пәтерлі 4 үй бар. Қазіргі уақытта аталған тұрғын үйлерді жөндеуден өткізіп, пайдалануға берудің басқа да жолдары қарастырылуда. Аталған мәселе шешілсе 540 адамға кезек азаяды. Сондай-ақ, «Асарлатып үй салу» арқылы 2 үй салынуда.

Шу қала статусында болуына байланысты «Дипломмен ауылға» бағдарламасы арқылы жас мамандарға үй алуға бюджеттік несие, көтерме жәрдемақы беруге мүмкіншілік болмауда. Осы мәселе шешімін тапса жыл сайын 20-30 жас маманды баспанамен қамту мүмкіндігі болар еді, – деді.

Сондай-ақ, аудан әкімі жер кезегі, көппәтерлі үйлердің мәселесі, электр желілері, жол салу мен жөндеу, білім беру, денсаулық сақтау, жұмыспен қамту, қылмыспен күрес сынды көптеген мәселелерге қатысты мәселелерді атап өтті.

Келесі кезекте облыс әкімі Нұржан Нұржігітов қаланы дамыту мақсатында атқарылып жатқан жұмыстардың әрқайсысына жекелей тоқталып, туындаған мәселелерді шешу жолдарын талқыға салды. Өнеркәсіп, кәсіпкерлік, құрылыс сынды салалармен қатар, білім беру мен денсаулық, жұмыспен қамту мен спортқа баулу мәселелері де назардан тыс қалмады.

Осы ретте облыс басшысы әсіресе қала жастарына, оның ішінде NEET санатындағы жастарға білім беру мен оларды жұмыспен қамту, қоғамдық жұмыстарға тарту мәселесіне ерекше көңіл аударды. Жастарды қоғамдық тіршілікке белсенді араластырмай, негізгі істің бітпейтінін айтқан ол, бұл ретте аудандағы атқарушы органдармен бірге тиісті басқармалар мен мекемелер өзара тығыз байланыста жұмыс істеуі керектігі айтылды. Жалпы, жиында сөз болған мәселелердің барлығы хаттамаға енгізіліп, облыс басшысының тікелей бақылауына алынды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.