Нұржан Нұржігітов: Елді мекендер таза ауыз сумен тәулік бойы қамтылуы керек

0 3

Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітовтің Мойынқұм ауданына жұмыс сапары аудан орталығынан шалғай орналасқан Ұланбел ауылынан басталды.

Аймақ басшысы аталған елді мекендегі М. Әуезов атындағы орта мектебінің жай-күйімен танысты. Оқу ордасының ғимараты жақында ғана күрделі жөндеуден өткен.

Бүгінде 320 орындық мектепте 183 бала білім алуда. Ағымдағы жылы 1 түлек алтын белгі, 1 түлек үздік атестатқа үміткер.

Сондай-ақ, облыс әкімі Мойынқұм ауылындағы Т.Рысқұлов атындағы тірек мектебінің жөндеу жұмыстарын тексерді. Ішкі жұмыстары аяқталуға таяу оқу ордасының сыртқы бөлігі де жөндеуді қажет етеді. Аймақ басшысы ол бойынша жауапты тұлғаларға құжаттама жұмыстарын ертерек әзірлеуді тапсырды.

Нұржан Нұржігітов екі мектепте де асханадағы ас мәзірімен танысып, оқу кабинеттерін аралады. Сабақ барысын бақылап, оқушаларға сапалы білім беру, құнарлы ыстық тамақпен қамтудың маңыздылығын баса айтты.

Бұдан соң облыс әкімі аудан активімен жиын өткізіп, облыстың кешенді даму жоспары аясында ауданда атқарылып жатқан жұмыстарды талқылады.

Аудан әкімі Әлихан Балқыбеков қысқаша баяндама жасап, атқарылған шаралар мен жоспарлы жобаларға тоқталды. Оның айтуынша, ауданның 2025 жылға дейінгі даму жоспарында жалпы жобалық құны 79,1 млрд. теңгені құрайтын жалпы саны 178 жоба белгіленген.

2022 жылға  жалпы жобалық құны 3,5 млрд. теңгені құрайтын 27 жобаға меже белгіленіп, 128 жұмыс орнын ашу жоспарланған.

— Өткен жылдың қорытындысы бойынша 27 жобаның ішінде 24 жоба толығымен орындалып, 55 жұмыс орны ашылды. 1 жоба биылға өтпелі. Жыл қорытындысы бойынша 2 жоба  түрлі себептер бойынша орындалмады. Жобалардың орындалу үлесі 92,6 пайызды құрады,- деген аудан әкімі алдағы межелерді де атап өтті.

Аймақ басшысы аудан әкімінің орынбасарлары, бөлім басшылары мен ауылдық округ әкімдерінен жоспардың, бұған дейін туындаған мәселедерді шешу бойынша берілген тапсырмалардың орындалуын сұрады. Қанағаттанарлық жауап ала алмаған Нұржан Нұржігітов тиісті тұлғалардың сылбыр жұмысын сынға алды.

— Өздеріңіздің ұсыныстарыңызбен жасалған жоспардан хабарсыздар. Оны қалай орындайсыздар? Бюджет қаражатына атқарылған жұмыстармен шектеліп, есеп беруге болмайды. Жеке инвестициялар аясында жаңа жобаларды жүзеге асырып, жұмыс құруға тырыспайсыздар.      

Бұған дейін ауыз су кестемен берілетін ауылдардың мәселесін шешуді тапсырғанмын. Бірақ бұл тапсырма орындалмаған.

Қылышбай ауылындағы суды тазартатын мембраналық қондырғының жұмысын қамтамасыз ететін жас мамандарды даярлау ісі де қолға алынбаған.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2025 жылға қарай барлық елді мекендерді таза ауыз сумен 24 сағат бойы қамтуға тиіспіз.

Сіздер мәселе көтеріп, оны шешу бойынша ешқандай шара қолданбайсыздар, әрекет етпейсіздер. Жобалық-сметалық құжаттамаларды әзірлеп, оның маңыздылығын дәлелдеп, көрсете білсеңіздер қаржы қаралады.

Жоспарды өздеріңізге ыңғайлап әзірлеп, соны ғана орындауға үйренгенсіздер. Жоспарда ауданның әлеуеті, тұрғындардың талабы, қажеттілігі ескерілуі керек,-деді облыс әкімі.

Аймақ басшысы аудандағы жұмыстарды төмен бағалап, жауаптыларға нақты міндеттер жүктеді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.