Жамбыл облысының тағы 91 ауылдық округі «Ауыл аманаты» жобасына енеді деп жоспарлануда

0 27

Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен кезекті аппараттық кеңесте «Ауыл аманаты» жобасының  жүзеге асырылу барысы және өңірлік геоақпараттық жүйесінің жұмысына қатысты бірқатар мәселелер талқыланды.

Жиында ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы  Нұржан Мұқашев  Жамбыл облысында 2019-2023 жылдар аралығында жалпы 62 ауылдық округте «Ауыл аманаты» жобасы іске асырылғандығын айтты.

Ағымдағы жылы бірінші бағыт – үй іргесіндегі жерлерді тиімді пайдалану бойынша – 13 608 ауладағы 1 377 га жер игерілді. Екінші бағыт – мал шаруашылығын дамыту бойынша ауыл тұрғындарына 130,6 мың бас мал сатып алуға 20,3 млрд. теңге бөлінген. Үшінші бағыт – ауыл сыртындағы елді мекен жерлерін тиімді пайдалану үшін – 28,8 мың гектар егістік жер бекітіліп берілді. Төртінші бағыт бойынша құрылған кооперативтер арқылы шаруаларғы жалпы 3,5 млрд. теңгеге 381 бірлік ауылшаруашылық техникалары сатып алынды. Бесінші бағыт – бизнес жобалар бойынша 1,3 млрд. теңгені құрайтын 190 жоба жүзеге асуда. Аталған жұмыстар нәтижесінде ауыл шаруашылығы өнімін 2,2 есеге арттырып, 4,5 мың жеке кәсіпкерді тіркеледі деп күтілуде.

2024-2025 жылдар аралығында аталған жоба игілімен облыстағы тағы  91 ауылдық округтің 490 мыңнан астам тұрғынын қамту жоспарлануда. Бұл бағыттағы жұмыстарға 45,5 млрд. теңге бөлінбек. Алдын ала есептеулер бойынша 25 мыңнан астам кәсіпкер тіркеліп, 7,5 мың жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Сондай-ақ, АӘК алушылардың саны 8 мыңға төмендейді деп көзделуде.

Басқосу барысында бірқатар басқарма басшылары мен аудан әкімдерінің ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту, жайылымдық жерлерге жер телімдерін бөлу, кооперативтердің ауыл шаруашылығы техникалары үшін тұрақтар салу мәселелері бойынша есептері тыңдалды.

Ербол Қарашөкеев жауаптыларға «Ауыл аманаты» жобасы аясында жүзеге асып жатқан бизнес-жобаларды жан-жақты зерделеп, талдау жасап,  бөлінген қаржыны уақтылы әрі сапалы игеру бойынша нақты міндеттер жүктеді.

Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Руслан Ноқрабеков геопорталға деректерді енгізу және мемлекеттік қызметтерді электронды форматта көрсетуге қатысты жұмыстарды баяндады.

Leave A Reply

Your email address will not be published.