Социалистік Еңбек Еріне ескерткіш ашылды

0 206

 Бүгін аудан орталығында Социалистік Еңбек Ері, ауданымызға қарасты «Хантау» совхозының аға шопаны болған Шоман Шәріпбаевқа ауылдың көрікті жеріне мүсін (бюст) қойылуына байланысты ескерткіштің ашылу рәсімі өтті. Оған аудан тұрғындары көп жиналды. Олардың басым бөлігі кезінде бірге қызмет жасаған  ата-апалар мен аға шопанның ұрпақтары еді.

     Ескерткішті аудан әкімі Әлихан Әбіләшұлы мен Шоман атаның қарындасы Клара Шәріпбаева ашты. Сол сәтте ақ жамылғы сырғып түсіп, биік тұғырға қондырылған Еңбек Ерінің жарқын жүзі көрінді. Қуанышқа орай шашу шашылып, халық өзінің сүйікті ұлымен қайта қауышқандай болды. Бұдан кейін ескерткіш алдына гүл шоқтары қойылды.

     Алғашқы құттықтау сөзді сөйлеген  аудан әкімі Әлихан Балқыбеков:

    — Мойынқұм  өңірінде  сан түрлі саланы дамытуда елі үшін еңбектенген азаматтар аз емес. Тарихтан орын алған тұлғалардың өмірі мен еңбек жолын көпке үлгі етіп, ұрпаққа ұлықтау – бүгінгі күнге парыз. Қай заманда, қандай қоғамда болсын ер азаматтың халық алдында беделге, атақ-абыройға, құрметке бөленуі оның ел үшін атқарған адал еңбектеріне байланысты. Міне бүгін көптен бері ойда жүрген игі іс орындалды. Қазақ ССР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақ ССР Жоғарғы Советінің депутаты Шоман Шәріпбаев ауданымызға қарасты «Хантау» совхозының аға шопаны болып, үш Ленин және Октябрь революциясы ордендерімен марапатталып, еңбекпен ер жетіп, ел құрметіне бөленген жан.

«Өткенсіз болашақ жоқ» дегендей, бұл ескерткішке деген көзқарас Шоман Шәріпбаевқа ғана емес, сол кездерде білек сыбанып, еңбек көрігін қыздырған барша жерлестерімізге жасалған құрмет деп білемін.

      Шоман Шәріпбаевтың қой санын көбейтуге қосқан үлесі жоғары бағаланып, Социалистік Еңбек Ері  деген аса құрметті атақ берілген кезінде  жұлдызы  жарқырай түсті. Ол бесжылдықтың әр жылында орта есеппен әр жүз саулықтан 162 қозы алса, он бірінші бес жылдықтың алғашқы жылында әр жүз саулықтан 165 қозы алуды қамтамасыз еткен. Міне осылайша бастау алған ұлағатты да өркенді іс өрісін тауып, ел алдындағы өлшеусіз еңбегі,  халық пен  мемлекет тарапынан жоғары  бағаланды.

    Алда әлі талай жоспарлар бар. Сондықтан барлықтарыңызды Мойынқұм ауданын  көркейтуге шақырамын! Әрқайсыңыздың отбасыңызға бақ-береке тілеймін!-деді аудан басшысы.

     Мұнан соң Клара Шәріпбаева елге сіңірген еңбегін ескеріп, құрмет көрсетіп жатқан Мойынқұм ауданының әкіміне алғысын айтты. Ал биназарлық сазгер-ақын Болатбек Әбішев өз тілегін өлең жолдарымен жеткізді.

        Бұдан кейін ауданның бас имамы Рысбай Еспенбетов Шоман Шәріпбаевтың рухына арнап, құран бағыштады.

Алуа ҮМБЕТҚҰЛОВА,

журналист.

Мойынқұм ауданы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.