«Білім» кәсіби гуманитарлық – техникалық колледжінде студенттік Ассамблея құрылды

0 2

Бүгін «Білім» кәсіби гуманитарлық – техникалық колледжінде Қазақстан халқы студенттік Ассамблеясының құрылуына арналған маңызды жиын өтті. Бұл шара колледж студенттері арасында бірлік, өзара құрмет және толеранттылық құндылықтарын насихаттау мақсатында ұйымдастырылды. Іс-шараның басты мақсаты – студенттерді қоғамдық өмірге белсенді тарту және олардың ҚХА құрылымдарына қатысуын қамтамасыз ету.
Жиын барысында Қазақстан халқы Ассамблеясының жобаларын іске асыру және Ассамблея құрылымдарымен жұмыс жасау мәселелері кеңінен талқыланды. Шараға арнайы қатысқан «Жобаларды іске асыру және ҚХА құрылымдарымен жұмыс жөніндегі бөлім» жетекшілері Рахат Ерханұлы мен Алмас Ақынтай және «Ассамблея жастары» қоғамдық бірлестігінің мүшесі Перизат Асқарбек жастардың қоғамдағы рөлі туралы сөз қозғады.
Жиынның негізгі нәтижесі ретінде студенттер арасында белсенді әрі жауапкершілікті топтың құрылуы болды. Жиында студенттік Ассамблеяның төрағасы болып колледж студенті Фатима Алиахунова сайланды. Бұл шешім жоғары білімді, әрі ынталы жастардың аталмыш ұйымды басқарудағы өз үлестерін қосуға мүмкіндік береді.
Шара барысында бірнеше шешімдер қабылданып, олар бойынша жауапты тұлғалар мен мерзімдер белгіленді. Сондай-ақ, қабылданған шешімдер мен жобалар туралы ақпарат жиын қатысушыларына таратылды. Кездесу соңында хаттама рәсімделіп, студенттік Ассамблеяның алғашқы қадамдары нақты белгіленді.
Бұл бастама колледж студенттері үшін маңызды алаң болып, олардың қоғамдық және әлеуметтік өмірге белсенді қатысуына жол ашатындығына сенім артуға болады. Студенттік Ассамблеяның жұмысы алдағы уақытта жастардың толеранттылық пен бірлік тұрғысындағы құндылықтарын нығайтуға, сондай-ақ елімізде көпұлтты мәдениетті сақтау мен дамытуға ықпал ететін маңызды құрылымға айналуы мүмкін.

Leave A Reply

Your email address will not be published.