Бүгін Жамбыл облысы әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ-де Тараз қаласы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің ұйымдастырумен «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының 1 кезеңінің жеңімпазы жүзуден Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері, жүзуден 14 дүркін әлем рекордын жаңартушысы, ел тарихында тұңғыш рет Параолимпиада ойындарының жеңімпазы Зульфия Габидуллинаның мүмкіндігі шектеулі жандармен кездесуі ұйымдастырылды, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.
Іс-шараға мүмкіндігі шектеулі балалар мен олардың ата-аналары, естуінде ақауы бар «Мейірім» мектеп-интернатының және көру кемістігі бар «Болашақ» мектеп-интернатының балалары қатысты.
Іс-шара барысында жоба жеңімпазы З.Габидуллина өзінің жетістікке жету жолындағы өмір тарихы, өмірлік ұстанымдары туралы өй бөлісті.
Сонымен қатар, 18 жастан асқан адамдарға үйде әлеуметтік көмек көрсету бөлімінің меңгерушілері Ж.Жолдыбаева мен Ш.Алибаева ағымдағы жылы «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасының бастау алғаны туралы және жоба аясында 30 ерекше балаларды қамту көзделіп отырғанын айтып өтті. Жобаның мақсаты: балаларға өңіріміздің киелі жерлері туралы мағлұмат беру. Жас ұрпақтың бойында туған жеріне деген сүйіспеншілігі мен қазақстандық патриотизм сезімін арттыру, тарихи және мәдени ескерткіштерді, киелі жерлерді танымал ету.
Іс-шара барысында шағын концерттік бағдарлама өткізіліп, шара соңында «Біз біргеміз» еріктілер қоғамының қолдауымен «Астана cinema» кинотеатрында мультифликациялық фильмдерді тамашалап, «@ulya.cakes» тәтті бәліштер шеберханасының тәтті бәліштері мен сусындарынан дәм тартты.