Жамбыл облысында тұрғындардың тұрмыстық табысын жақсартуға арналған ауқымды жоба іске асырылады. 5 бағыттан тұратын жоба туралы бүгін «Өңірлік коммуникациялар қызметінің» алаңында өткен брифингте облыс әкімінің орынбасарлары Мұратхан Шукеев, Нұржан Кәлендеров және ауылшаруашылық басқармасының басшысы Берік Нығмашев жан-жақты баяндады, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.
«Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсарту» жобасы туралы кеше, өңір басшысы Асқар Мырзахметов үкімет отырысында баяндама жасап, ол бірауыздан қолдау тапқан болатын. Жобаның бірінші бағыты- үй іргесіндегі жерлерді тиімді пайдалану.
-10 пилоттық округтегі 7 мыңнан астам аулада 1117 гектар үй іргесіндегі жерлер бар. Оның 76 пайызы әртүрлі деңгейде пайдаланылса, 264 гектары игерусіз жатыр. 157 гектарына өнімділігі төмен жоңышқа егілген. Қолданыстағы жерлерге тыңайтқыштар пестициттер пайдаланылмағандықтан өнімде бір-ақ рет алынады. Дақылдардың өнімділігін арттыру үшін 298 тонна 715 мың көшет, 3,7 тонна пестицид, 164 тонна тыңайтқыш сатып алынады. Бастама ретінде 76 отбасылық жылыжай салынады және сумен қамтуға қатысты жұмыстар жүргізіледі.
Айта кетейік, бүгінгі күні «Тараз» шағын несие ұйымына 56 жоба 169 млн. теңгеге өткізіліп, сараптама жасалуда.