Жарқын жобаның тиімділігін Жаңатұрмыс ауылының тұрғындары көруде

0 7

Пилоттық жобаға кірген Қордай ауданы Жамбл ауылдық округінің тұрғындары жарқын жобаның тиімділігін көруде. Бүгінде жеңілдетілген 2,5 пайыздық қаражатқа қол жеткізген ауыл тұрғындары төрт- түлікпен қатар құс та алып үлгеріпті. Қордайлықтардың мал шаруашылығымен қатар үй іргесіндегі жерлерді тиімді пайдалануға деген қызығушылығы да жоғары. Несие алып, несібесін арттырамын деп ниеттенген ауыл ағайындарының жұмысымен журналистер де танысып қайтты, -деп  хабарлайды  «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.

Құрамында Жаңатұрмыс ауылы бар Жамбыл ауылдық округі тұрғындарының белсенділігі арта түскен. Құжатын реттеп, төмен пайызбен несие алып, несібесін арттырсам деген ағайынға жасалып жатқан қолдау да қомақты.

Бүгінде ауылдық округте пилоттық жоба бойынша 268 азамат өтінім тапсырып үлгерген. Соның 170-і «Тараз» ӘКК тарапынан қолдауға тапқан болса, оның 81 азаматы несие алған.
Ауыл тұрғындары жобаның мал шаруашылығы бағытына ерекше қызығушылық танытуда. Бүгінде 261 үй иесі жалпы 6801 бас мал алуға ниет білдірген. Ауылдық округ әкімі Айдар Бірімқұловтың айтуынша, өтінім білдірушінің барлық құжаттары реттеліп, «Тараз» ӘКК-ның рұқсатын алған соң, олардың есеп шотына қаражаты көп ұзамай түседі. Ол қаражаттың 20 проценті жем-шөпке арналса, қалған ақшасына несие алушы мал сатып алады. Кейіннен, әр бас мал есепке алынып, сырғасы салынып, қораға қойылады. Бүгінгі күні барлығы 551 бас ірі-қара сатып алынып, оның 456 басы тіркеуден өткен. Сондай-ақ ауыл тұрғындары 260 құс та сатып алыпты.

Округтегі тұрғындардың ауыл сыртында «пайлық» жерлері бар. Жоба ол жерлерді игеру бойынша да тиімді шарттар ұсынып отыр. Жалпы 383 үлескердің 34313,73 гектар жері бар болса, 38 үлескер «Жаңатұрмыс-Бірлік» кооперативінің құрамына 4045,75 гектар жерімен кіріп отыр. Осы жерлерді игеруге қажетті қаражат анықталып, несие серіктестігімен қаржыландырылады.

Ал, «Жаңатұрмыс-Бірлік» кооперативіне келетін болсақ, оның құрамы, қатысушылары және төрағасы сайланып, Әділет басқармасында тіркеліп үлгерген. Кооперативтің жұмысына қажетті техника саны, техникаға арнайы орын, өнімдерді сақтайтын қойма, жері анықталып, биыл қарқынды жұмыс басталады деп күтілуде. «Жаңатұрмыс-Бірлік» кооперативі 2 дана «Белорусь», 1 дана «LOVOL» тракторы, 1 комбайн және 1 дана тіркемесімен «КамАЗ» жүк көлігі, сонымен қатар өзге де техникалық құрал-жабдық алуға өтінім берген еді.

Бүгінде кооператив 2 трактор, 1 шөптайлағыш пен 1 культиваторды алған. Жақын арада өзге де техникалар, облыс орталығынан жеткізілмек. Жалпы «Жаңатұрмыс-Бірлік» кооперативтің айналым қаржысына 50 миллион теңгеден астам қаражат қарастырылды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.