Облыс оқушылары арасында Абай шығармашылығына арналған фестиваль өтті

0 9

Тараз мемлекеттік университетінің базасында қаладағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің бастамасымен Абай шығармашылығына арналған облыстық фестиваль өтті , — деп хабарлайды «ZhambylNews» ақпарат агенттігі.

«Білімдіден шыққан сөз» деген ұлы ақынның өлең жолдарымен аталған ауқымды шараға облыстың 10-нан астам мектептерінен келген командалар қатысып, өнер, робототехника салалары бойынша бақ сынады.

Шара шымылдығын «Хәкім Абай» театрландырылған қойылымымен ТарМУ студенттері ашты. Салтанатты ашылуда сөз алған ТарМУ ректоры Махметқали Сарыбеков және облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жәмилә Бекбатырова шараның маңыздылығын атап өтіп, қатысушыларға сәттілік тіледі.

Тараздағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің бірнеше түлектері қазір біздің университетте білім алуда. Солардың бірі болашағынан зор үміт күттіретін 3 курс студенті Салтанат Букешова. Бүгінгі күні Салтанат түрлі ғылым, білім додаларында топ жарып, университет беделін арттыруға атсалысуда, – деп атап өтті өз сөзінде Махметқали Нұрғалиұлы.

Фестивальда «Абайдың ізімен» атты білім саласын дамытудағы өзекті мәселелер бойынша дөңгелек үстелі, «Абайдың қара сөздері – өнеге көздері» тақырыбындағы ақынның өлеңдері мен қара сөздерін жатқа оқу сайысы және «Өткірдің жүзі, кестенің бізі, өрнегін сендей сала алмас» – робототехника олимпиадасы бір мезетте өткізілді.

Дөңгелек үстел барысында мектеп басшылары мен жергілікті университет ректорлары мектеп пен ЖОО қызметіндегі сабақтастық мәселелерін талқылады. Олардың ішінде кадр даярлау, студенттердің білім сапасы, білікті мамандарды мектепке тарту туралы көкейтесті сұрақтар көтеріліп, бірқатар шешілу жолдары ұсынылды.

Менің ұстаздық жолын таңдауыма кезінде өзіме сабақ берген педагогтар себепкер болды. Олар көрсеткен үлгі-өнеге мен үшін ұстаздық етудің негізгі моделі еді. Сондықтан да, білікті педагог тәрбиелеу үшін ең алдымен білікті ұстаз қажет. Себебі мектеп қабырғасына келген әрбір педагог өзінің ұстазынан үйренгенін жасайды. Бұл ретте оған үлгі болатын мұғалім білімді, абыройлы, парасатты болуы шарт, – деген ойымен бөлісті дөңгелек үстел барысында Зияткерлік мектеп директоры Тимур Нуркешов.

Университет фоесінде оқушылар құрастырған роботтар қазақтың ұлттық ойын түрлерінен жарысқа түсті. Олар асық ату, арқан тартыс, қыз қуу сияқты ойындарын ойнап, ептіліктерін көрсетті.
Акт залында облыс аудандарынан келген мектеп командаларының орындауында Абай шығармалары бойынша драмалық қойылымдар көрсетілді. Сайыс талабына сай оқушылар, ата-аналар мен ұстаздар бір сахнада өнер көрсетті.

Фестиваль соңында жеңімпаздар анықталып, жүлделі орындар табысталды. Тараздық Зияткерік мектебі Абай шығармаларын сахналауда бірінші орынға ие болса, роботқұрастырудан екінші орынды еншіледі.

Осылайша, қазақ данасы Абай Құнанбаевтың 175-жылдық мерейтойына арналған облыстық фестиваль білім мен өнер ұштасқан зияткерлік алаңға айналды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.