Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев мәдениет қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтады. Облыс әкімдігінде өткен жиында аймақ басшысы белгілі мәдениет қызметкерлеріне «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгілерін, сондай-ақ дипломдар мен Алғыс хаттар табыс етті,-деп хабарлайды «Zhambylnews» АА облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Еркін форматта өткен кездесу жылы шырайлы әңгімеге ұласты. Шынында да, Бердібек Машбекұлының өнер адамдарына үлкен құрметпен қарайтынын көпке белгілі.
«Біз бұл кездесуді үлкен форматта өткізуді ойлағанбыз, алайда пандемияға байланысты елдегі қазіргі ахуалды ескеріп жоспарымызды өзгертуге тура келді. Әлбетте, сіздерді осындай мерекеде елеусіз қалдыра алмаймыз. Алдымен сіздерге елеулі еңбектеріңіз бен қазіргі кездегі белсенділіктеріңіз, облыс халқына өз шығармашылықтарыңызбен қолдау көрсеткендеріңіз үшін алғыс білдіргім келеді. Халқымыз қашанда өз мәдениеті мен өнеріне, әдебиетіне ерекше құрметпен қараған», — деді Бердібек Сапарбаев.
Облыс әкімі мәдениет қызметкерлерінің еңбек жағдайларына ерекше назар аударды.
«Мен сіздердің кейбіріңіздің қандай жағдайда жұмыс істеп отырғандарыңызды жақсы білемін. Көпшілігініңіздің жалақыларыңыз төмен. Алайда, мемлекет жыл сайын мәдениет саласын дамытуға бөлінген қаражат көлемін арттыруға күш салуда. Мәселен, биыл біздің облыста бұл бағытта 6,7 миллиард теңге қарастырылған. Үнемделген қаражат есебінен бұған дейін мүлде ауыл клубы болмаған алты елді мекенде мәдениет нысандарының құрылысын бастадық. Сонымен қатар, бірқатар нысандарда күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әлеуметтік саланы дамытуға, соның ішінде мәдениет пен өнерді өркендетуге жыл сайын айрықша басымдық беріп келеді», — деді Б. Сапарбаев.
Өңір басшысы сондай-ақ ағымдағы жылдың маңызды даталары ретінде Абай Құнанбаевтың 175 жылдығы, Әл-Фарабидің 1150 жылдығы және Бауыржан Момышұлының 110 жылдығын атап өтті. Бердібек Машбекұлы мәдениет қызметкерлерінің онлайн форматқа негізделген мерейтойлық іс-шаралар жоспарына ерекше көңіл бөліп, «Көне Тараз» тарихи-мәдени кешенінде өткен «Мұражай түні» бағдарламасының ұнағанын жеткізді.
Мәдениет және өнер саласы қызметерлерінің атынан күйші-композитор, «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері, танымал «Ерке сылқым» күйінің авторы Әбдімомын Желдібаев облыс әкімінің жылы қабылдауына алғысын білдірді.
— Мәдениет пен өнер – өзіндік қиыны мен қызығы қатар жүретін сала. Мәдениеті дамымаған елдің ешқашан биік рухы, өнегелі тәрбиесі болмайды. Өкінішке қарай, бұл салада біздің қол жеткізген жетістіктерімізді нақты бағалайтын көрсеткіштер жоқ. Дегенмен, бізге қарап, мемлекетіміз бен халқымыздың рухани бай мұрасын бағамдайды. Өнердің тілі – ешқандай шекарамен шектелмейді. Оны еш аудармасыз, миллиондаған адам түсініп, сезіне алады. Осы саланың өкілі екенімді мақтанышпен айтамын, — деді өнер қайраткері.
Ш.Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығы басшысының орынбасары Ахметжан Өзбеков те өз сөзінде қазақ халқының рухани бай мұрасын тілге тиек етті. Оның айтуынша, түркітілдес халықтардың мәдениеті біздің елден бастау алады.
Кездесу барысында, Жамбыл облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Сембек Сейдазимов те кәсіби мереке иелерін құттықтады.
— Сіздердің жетістіктеріңізбен әрдайым қуанып отырамыз. Алыстағы Америкада қазақтың әйгілі «Ерке сылқым» күйінің орындалып жатқанына мақтанамын. Дендеріңізге саулық, шығармашылық табыстар тілеймін», — деді С.Сейдазимов.
Мерейлі мерекеде мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы баспасөз қызметінің басшысы Мүбәрак Жинақбаева, Қордай аудандық мәдениет үйінің директоры Күміскүл Сәрсенбаева, Ұлбике ақын атындағы Талас мәдениет орталығының директоры Кеңдия Пірман, А.Тоқпанов атындағы қазақ драма театрының әртісі Кенен Ақүрпеков және Меркі ауданы әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің әдіскері Таңтай Ахметжановтар «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды.