Енді өңірдегі қоғамдық көліктерде дәстүрлеріміз жайлы мағұлмат болатын болады. Жамбыл облысының «Рухани жаңғыру» жобалық офисы «Дәстүрді дәріптейік!» акциясын өткізді, деп хабарлайды “ZhambylNews” ақпарат агенттігі.
«Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасы бүгінге дейін 13 арнайы жоба бойынша іске асырылған. Биыл 4 арнайы жаңа жоба қосылды. Олар: «Үнем қоғам қуаты», «Дәстүр және ғұрып», «Еңбек – елдің мұраты» және «Құқықтық мәдениет». Жобаларға кеңінен тоқталатын болсақ.
«Үнем қоғам қуаты» жобасының мақсаты- ресурстарды орынды тұтынуды және бөлуді көздейтін прагматикалық өмір салтын қазақстандықтардың құндылықтық бағдарлары жүйесіне енгізу.
Ал, «Дәстүр және ғұрып» жобасының мақсаты — көнеріп, қолданыс аясы тарылған дәстүр мен ғұрыптан бас тартып, ұмыт болғанын жаңғыртып, тәрбиелік және адамгершілік құндылығы жоғары салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарды заманға сай түрлендіру. Қазақтың ұлттық асханасының ерекшелігі мен құндылықтарын кеңінен дәріптеу.
Сондай-ақ, «Еңбек – елдің мұраты» жобасыныңмақсаты- қажырлы еңбектің арқасында табысқа жеткен адамдардың тәжірибесін, еңбекқорлық құндылықтарды, ұдайы өзін-өзі жетілдіру идеясын насихаттау.
Ең соңғы «Құқықтық мәдениет» жобасының мақсаты- Қазақстан халқының құқықтық сауаттылығын арттыру, құқықтық мәдениетін қалыптастыру болып табылады.
«Дәстүрді дәріптейік!» іс-шарасы «Дәстүр және ғұрып» жобасы аясында іске асырылды. Мақсаты – жастардың санасына ұлттық құндылықтарды сіңіру, тұрғындар арасында ұмыт болып бара жатқан салт-дәстүрлерді жаңғырту. Көрнекі ақпарат құралдарының мазмұны: зергерлік бұйымдар, ұлттық киімдер, ұлттық тағам-түрлері, салт-дәстүрлер сияқты 4 тақырыпты қамтиды. Яғни, 1 автобусқа 4 постер ілінді. Айта кетерлігі, постерлардың мазмұны келесі автобустарда қайталанбайды.
Бүгінде Тараз қаласында 42 бағытта 200-ден астам қоғамдық көлік қатынайды. Постерлер Тараз қаласындағы және Жамбыл облысының 10 ауданындағы қоғамдық көліктердің барлығына ілінетін болады.
Ұлттық бірегейлікті сақтауда қанымызға сіңіп, тұрмысымызға айналған салт-дәстүрдің маңызы жоғары. Рухани құндылықтардың ұрпақтан-ұрпаққа ауысып, сабақтасуы мәңгілік ел болудың негізгі өзегі. Сондықтан, ұлттық бірегейлікті сақтау жолында дәстүр мен ғұрпымызды, ұлттық асханамыз бен тағамдарымызды жүйелі жаңғырту – ұлттық құндылығымызды сақтаудың бірден-бір жолы.