Қордай ауданындағы тіршілік ақпандағы оқиғалардан кейін қалай өзгерді

0 7

Бүгінде Қордай ауданы Масанчи ауылындағы жағымды көріністерге қарап, ақпан айындағы тәртіпсіздіктерден ешқандай із қалмағанын байқауға болады. Жергілікті атқарушы органдар мен жанашыр адамдардың көмегімен ауыл тұрғындарының тұрғын үйлері мен әлеуметтік, кәсіпкерлік нысандары толығымен ретке келтірілген, деп хабарлайды “ZhambylNews” АА облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Айталық, төрт баланың әкесі, 43 жастағы жүк көлігінің жүргізушісі Абдурашид Багиев қайта қалпына келтірілген өз үйіне көшіп үлгерген.

Суретте: Масанчи ауылының тұрғыны Абдурашид Багиев отбасымен бірге

Мен еліміздің Президентіне, барлық қамқор қазақстандықтарға көрсетілген көмек үшін ризашылығымды білдіргім келеді. Менің әкем де, мен де осында дүниеге келдік. Біздің Отанымыз — осы, — дейді А.Багиев.

Абдурашидті ауылдасы Юсуф Паров та қолдап, өзінің де тіршілігі қалыпты күйге оралғанын жеткізді.

Көмек қолын созғандардың барлығына — билікке де, қарапайым тұрғындарға да алғысымыз шексіз, — дейді ағынан жарылып Ю.Паров.

Қазіргі таңда балалар мен жастардың жиі шоғырланатын орнына айналған Масанчидің орталығында тіршілік қыза түскен. Мұнда «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының қолдауымен, жергілікті балаларға арналған ойын алаңы ашылған. Алаң әткеншектер, сырғанақтар және швед қабырғалары мен беседкалармен жабдықталған. Оның қасындағы заманауи шағын футбол алаңқайы да жасөсіпірімдердің игілігіне жарауда.

Суретте: Масанчи ауылындағы спорт және ойын алаңқайы

Оған жақын маңда көрші Масанчи және Қаракемер ауылдарының ақсақалдары жастарды бақылап, жайма-шуақ әңгіме-дүкен құруда.

Суретте: Қаракемер және Масанчи ауылдарының ақсақалдар кеңесі

– Кейінгі айларда біз үлкен өзгерістерді бастан кештік. Көшелердің барлығы дерлік асфальтталып, интернетпен қамтылып, мәдени, білім беру және спорт нысандары салынуда. Газ тартылып, дүкендер мен үйлер қалпына келтірілді. Әсіресе, біз, аға буын жас ұрпақты қазақстандық патриотизм рухында, мемлекеттік тілді құрметтеу және үйренуге тәрбиелеудеміз. Қазақ тілі біздің балаларымызға үлкен мүмкіндіктер ашады, — дейді Масанчи ауылдық округтің ақсақалдар кеңесінің төрағасы Дыдыр Двумаров.

Оның Қаракемер ауылындағы әріптесі Ерғазы Бозшаев та бауырлас халықтар арасындағы тығыз қарым-қатынас туралы атап өтті.

Біз әрқашан бейбіт өмір сүріп келдік және алдағы уақытта да тату-тәтті тіршілігіміз жалғаса береді. Біздің бөлісе алмай жүрген ештеңеміз жоқ, — деп сенім білдірді Ерғазы ата.

Сыйластығы жарасқан қарттар өзара ұзақ әңгімелесіп, ортақ істерді талқылады. Олар ауыл жастары үшін футболдан жолдастық кездесу ұйымдастыру, ауыл тұрғындарымен кездесу секілді игі істерді жоспарлап отыр. Ақсақалдар бір-бірін құшақтап, ізгі тілектерін айтып, әсерлі тарқасты.

Қазірде Қаракемер ауылында жас мамандарға арналған екі пәтерлі 10 үйдің құрылысы аяқталуда, 16 көшеге асфальт төселіп, дәрігерлік амбулатория бой көтерді, су құбыры қайта жаңартылып, газ құбыры тартылуда.

Қордай ауданының білім беру саласы да басқа салалар секілді, нағыз оң өзгерістерді бастан өткеруде. Мұның жарқын мысалы ретінде Масанчи ауылында салынып жатқан 600 орындық қазақ және орыс мектебі. Бүгінде негізгі ғимараттың қабырғалары тұрғызылып үлгерген, нысанның екінші ғимараты салынуда, оларды өзара үйлесімдегі галереялық құрылыс байланыстырады. Құрылыс 2021 жылдың тамыз айында аяқталады деп күтілуде.


Бұл білім ошағының ашылуымен Масанчи ауылындағы мектептердің жүктемесіне қатысты мәселе шешілмек. Білім беру мекемесінің құрылысынан басқа, 41 көше асфальтталып, балалар мен спорт алаңдары жабдықталды. Газбен қамту жұмыстары жүргізілуде. Магистральдық газ құбыры тартылып, енді кварталішілік желілер орнатылуда. Бүгінгі күні 140 үй көгілдір отынды тұтынуға дайын. Біз газға қосуды қарашаның екінші жартысына жоспарлап отырмыз, — дейді Масанчи ауылдық округі әкімінің орынбасары Хусейн Булар.

Суретте: Биыл Қордай ауданының 22 ауылының тұрғындары газбен қамтылады

Өтеген ауылындағы тоғыз жасар Нұрсұлтан анасы Айгүл Абдулдаеваның газ оттығын абайлап тұтатып жатқанын қызығушылықпен тамашалауда. Биология пәнінің мұғалімі осы сәтті үйге келін болып түскен кезден, яғни жиырма жылдан бері күткен. Бүгінде ол ала таңнан отын мен көмір дайындап, жұмыстан кейін үйге асығып, пеш жағып, суық үйді жылыту секілді бейнетті жұмыстарды ұмытқан.

Өтеген және Қарасу ауылдарының тұрғындары қазірдің өзінде көгілдір отынды қолдануда. Жолдасы бақиға аттанған Айгүл жалғыз өзі төрт бала тәрбиелеп отыр. Көгілдір отынға қол жетуімен көптеген мәселелердің шешілгенін жеткізді. Сонымен бірге 233 ауланы құрайтын аталған ауылдың 24 отбасы да табиғи газға қосылып үлгерген.

— Жұмыстар жүргізілуде, көрші Қарасу ауылында 1018 үйдің 127-сі газдандырылды, мердігермен жасалған келісім-шартқа сәйкес үйге құбыр жеткізудің жалпы құны 350 мың теңгені құрайды. Тұтынушы бастапқы төлем ретінде 100 мың теңге төлейді, қалған соманы айына 25 мың теңгеден 10 айда бөліп төлейді. Шарттары өте ыңғайлы, адамдар оны тиімді пайдалануда, — деп атап өтті Қарасу ауылдық округі әкімінің міндетін атқарушы Рая Жасыбаева.

Бір-екі аптадан кейін орталықтандырылған су құбыры жұмыс істей бастайтын Арал ауылының тұрғындарын да жақсы жаңалықтар күтіп тұр. Жұмыспен қамтудың жол картасы шеңберінде су қабылдағыш нысанының құрылысы мен құбырларды жүргізу жұмыстары ағымдағы жылдың мамыр айының ортасында басталған, мердігер «ТемірСтройСервис және К» ЖШС Тәуелсіздік күніне дейін суға қосуға уәде беріп отыр.

Біз 20 шақырым құбыр тартық, бірінші және екінші көтермелі сорғы станцияларын орнаттық, қазіргі уақытта аумақты абаттандыру және жарықтандырумен айналысудамыз, — деді «ТемірСтройСервис және К» ЖШС инженер-сметашысы Жалғасбай Ұлымбетов.

Суретте: Әлжан ана ауылындағы спорттық-сауықтыру кешенінің құрылысы

Сондай-ақ, құрылысына 321 миллион теңге бағытталған Әлжан ана ауылындағы спорттық-сауықтыру кешені де Тәуелсіздік күніне дейін пайдалануға берілмек. «Агроспецстрой» ЖШС басшысы Қайрат Нартбаевтың айтуынша, ішкі жұмыстардың 95 пайызы аяқталып, резервтік дизель генераторы орнатылған. Тарату шкаф пунктін құру үшін арнайы мамандар тартылған.

Ауа-райы әзірге құрғақ және жылы болып тұр, осыны пайдаланып аумаққа асфальт төсеу жұмыстарын орындап үлгеруіміз керек, — деп қосты құрылысшы.

Аталған компанияның тағы бір өкілі, бас директордың орынбасары Нұрлан Серікбаев аудан орталығының «Батыс» алқабындағы 60 пәтерлік үш үйдің құрылысы туралы айтып берді. Құрылыс кестеге сай жүргізілуде десек, ағымдағы жылдың 23 желтоқсанынан кешіктірілмей тиісті тұрғындар қоныс тойын тойлайды деп күтілуде. Екі үй де ауданы 65 шаршы метрден аспайтын, төртінші жайлылық класындағы бір, екі және үш бөлмелі пәтерлерден тұрады. Құрылыс басында 200-ден астам адам тер төгуде, олардың жартысы жергілікті жұмыспен қамту орталығы арқылы қамтылған. Тек қана қазақстандық құрылыс материалдары қолданылуда. Үйлер 85-90 пайызға дайын. Демек, жыл соңына дейін кезекте тұрған 1542 адамның бірқатары жеке баспаналы болады деп сеніммен айта аламыз.

Өркениет игіліктері Әлжан ана ауылының Т.Рысқұлов атындағы №23 орта мектебінде де кеңінен қолданылуда. Білім ордасы Өңірлерді дамыту бағдарламасы аясында күрделі жөндеуден өткен. Техникалық қадағалау өкілі Емен Киікбаевтың айтуынша, жұмысшылардың жетіспеушілігі мәселесі туындаған. Дегенмен жұмыстар ойдағыдай аяқталуда, оқу орны әкімшілігінің жұмыс сапасына көңілдері толады.


Мектеп ашылғаннан бері, яғни 1972 жылдан бастап күрделі жөндеу көрмеген. Енді бастауыш сынып оқушылары ашық және кең кабинетте білім алатын болады. Барлық еңбек ұжымының, оқушылар мен ата-аналардың атынан Мемлекет басшына осындай тарту үшін алғыс білдіремін, — деді Әлия Бәйгелова қуанышты көңіл күймен.

Ал Сортөбе ауылындағы «Бүлдіршін» балабақшасының меңгерушісі Айша Идыбо мұндай мектепке дейінгі білім беру мекемесі өзге аудан орталықтарында жоқ екенін мақтанышпен айтады.

Сондай-ақ, ол Жамбыл облыстық «Вынхуа» дүнген этномәдени орталығы қауымдастығының төрағасы қызметін қоса атқарады. Бүгінгі таңда қауымдастық дүнгендер арасында белсенді түрде мемлекеттік тілді кеңінен насихаттап, үйретумен айналысуда.

— Сортөбе ауылындағы 110-ға жуық тұрғын екі айлық қазақ тілін меңгеру бойынша курсқа қатысуда, оның ішінде мектепке дейінгі мекемелердің тәрбиеленушілері мен техникалық қызметкерлері, кәсіпкерлер және имамдар, сондай-ақ, үй шаруасындағы әйелдер де бар. Бізге Тараз қаласындағы «Тілдерді оқыту» орталығынан мамандар арнайы келіп, нәтижесінде біз тілді бастапқы дейгейде меңгеріп шықтық. Ары қарай да оқуды жалғастырсақ дейміз, өйткені, ниет білдіріп отырған жандар көп. Алайда, қараша айына жоспарланған оқу курсы келесі жылдың қаңтар айына ауыстырылды. Балабақшаларда ата-аналардың сұранысы бойынша қазақ тілінде оқытатын топтар көбейді. Мәселен, бізде осы уақытқа дейін 7 орыс тобы және 5 қазақ тобы болса, қазір керісінше – жеті қазақ тобы мен 5 орыс тобы құрылып отыр. Тағы да қайталап айтамын: бұл өзгерістердің барлығы ата-аналардың сұранысына сай іске асты, — деп атап өтті Айша Люшировна.

Сондай-ақ Қордай ауданының әкімі Рүстем Дәулет атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар туралы айтып берді.

Сіздер атқарылған жұмыстардың бірқатарын ғана көрдіңіздер. Бірақ бұл, менің ойымша, жүргізілген жұмыстың ауқымын көрсету үшін жеткілікті. 392 жобаны іске асыруға 35 миллиардтан астам теңге бағытталды, бүгінде олар 95 пайызға дайын. Бұл жобалар қордайлықтар өмірінің барлық салаласын қамтиды. Атап айтсақ, газбен және сумен қамтамасыз ету, тұрғын үй және жол құрылысы, көшелерді жарықтандыру және абаттандыру, білім беру, денсаулық сақтау, спорт салалары бойынша көптеген жұмыстар жүргізілді. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша биыл аудан тарихында алғаш рет 22 ауылдың тұрғындары газбен қамтылуда. Сонымен қатар, Тілдерді оқыту орталығы, имамдар үйі ашылды. Бес ауылдық округте қоғамдық кеңестер құрылып, олар қоғамдық-саяси тұрақтылықты нығайтуға өз үлестерін қосуда, — деп түйіндеді Рүстем Дәулет.

Leave A Reply

Your email address will not be published.