Тараз қаласында темір жол бекеті қайта жаңғыртудан өткізілуде. Оған 130 миллион теңге бөлініп, құрылыс жұмыстарын «Энергетикалық құрылыс» ЖШС жүргізуде. Темір жол бекетіндегі құрылыс жұмысының барысымен облыс əкімі Бердібек Сапарбаев арнайы барып танысты, — деп жазады “ZhambylNews” ақпарат агенттігі.
Өткен ғасырдың 20-сы жылдарынан бастап жұмыс істеп келе жатқан вокзал бұған дейін де бірнеше рет жаңғыртудан өткен болатын. Енді оның келбетін қайта жаңарту қолға алыныпты. Нысанды шілде айында тапсыру жоспарланған. Жалпы құрылысқа үш бригада, 42 адам тартылған. Жұмыс ғимараттың іші-сыртында бірдей жүргізіліп жатыр.
— Негізінен отандық құрылыс материалдары пайдаланылуда. Қазіргі таңда жылу, сумен қамту және кәріз жүйесін 80 пайызға аяқтап отырмыз. Алдағы он күнде оны толық аяқтап, сыртқы және ішкі әрлеу жұмыстарына басымдық беретін боламыз. Кейбір Қазақстанда шығарылмайтын материалдарды Ресей мен Қытай мемлекеттерінен алдырудамыз. Құрлыс жұмыстарын кестеден кешіктірмей мерзімінде тапсырамыз, — дейді мердігер өкілі.
Бердібек Машбекұлы күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатқан ғимаратты аралап қана қоймай, перронға шығып, ондағы жағдаймен де танысты.
— Бізге вокзалдың талапқа сай, әдемі, сапалы жөнделгені қажет. Кесте қуып, сапаны естен шығарып алуға болмайды. Бәрі техникалық бақылаушылардың жіті қадағалауында, бақылауында ұстағаны жөн. Бірақ нысан жоспарға сай уақтында тапсырылу тиіс. Сонымен қатар түнде пойыздан түсетін жолаушыларға жағдай жасау үшін осыдан елу жыл бұрын салынған жарық бағандарын да ауыстыруды ұмытпау керек, — деп облыс әкімі мердігер мен жобалаушыларға тапсырма берді.
Сондай-ақ Бердібек Машбекұлы ғимараттың сыртқы келбеті мен оның айналасын абаттандыруды да естен шығармауды тапсырды.