Қазақ тарихындағы хандар мен батырлардың, билер мен датқалардың, елім деп еңіреген ерлердің ішінде Түркістан қаласына ат басын тіремей кеткендері кемде-кем. Қайсар жүрек Қабанбай батырдың да табаны тиген өлкеде оның құнды мұрасы сақтаулы. Қаншама шайқастарда қолынан түспеген қару сапы «Əзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мəдени қорық-музейі қорының этнографиялық тобынан берік орын алған, деп хабарлайды Baq.kz.
Жәдігер негізгі екі бөліктен тұрады: сапы және қыны. Сапының ұзындығы-34 см, болаттан соғылған жүзінің ұзындығы-21,4см. Жүзінің жоғарғы жағында-жетесінен бастап ұшына 3 см-дей жетпей кідірген екі кертік сызығы бар, сабының қоспасы жартылай «овал» пішіндес таза күміспен көмкерілген, онда қаралау әдісімен гүлді ою бедерленген. Бұдан кейінгі жете бөлігі 2 см. көлемде қорғасынмен қапталған, оған күміспен жиектелген көк және жасыл түсті жартылай бағалы асыл тасты (бирюза) төртбұрышты тізбек әшекей ұласқан. Сарғыш тартқан сабының ұзындығы-11см, ол батыр ұрпақтарының айтуынша пілдің тісінен жасалған.
Біздің анықтама
Қара керей Қабанбай – (1692ж Алакөл өңірі-1770ж. Барлық тауы, Қоңырата жайлауы) Абылай хан тұсында, яғни ХVIII ғасырда жоңғарларға қарсы күресте жанқиярлықпен ел қорғаған, Найман тайпасы, Қаракерей руының Байжігіт тармағынан шыққан қазақ батыры. Батырдың азан шақырып қойған аты – Ерасыл. Қабанбай – ерлікпен даңқы шыққан кезде халық қалап қойған лақап аты. 1740 жылы Шыңғыстау шайқасында ерлікпен көзге түскені үшін Абылай хан оған «Дарабоз» деген атақ берген. Осыдан бастап замандастары оны «бас сардар» немесе «Дарабоз» деп атаған.
Ұлы шайқастарда ұрандап, жаудың құтын қашырған әруақты ердің артында қалған ұрпақтары бүгінде бір қауым ел болған. Оның екі әйелінен туған 7 ұл кейін «Жеті Қабанбай» атанып, Мәмбет ішінде Қожағұл деген руға айналды.