Жамбыл облысының ТЖ департаменті көктемгі табиғи апаттарға қарсы сақадай-сай дайындық үстінде. Сел басу қаупі бар аудандардың аумақтарында халықты қорғау бағытындағы кешенді шаралар атқарылып жатыр, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА.
«Өңірдегі Шу, Талас және Аса өзендері арнасынан асып кетуі мүмкін. Таулы өңірлер болып саналатын Жуалы, Меркі, Рысқұлов, Қордай және Талас аудандарындағы Қарақоңыз, Ырғайты, Аспара, Мерке, Қарақыстақ, Қайыңды, Ақсай және Көксай өзендерінде лай аралас сел жүру қаупі бар. Күн күрт жылынса тау суы көбейіп, су қоймалары толып кетуі мүмкін. Облыстағы 117 су қоймасының 14-і тұрғындарға қауіп төндіреді»,-дейді облыстық ТЖД басшысы Ерік Алпысбаев.
Тұрғындарды эвакуациялау туындаған жағдайда облыста 40 қабылдау пункті дайындалған. 57 нысан жедел медициналық қызмет көрсетуге әзір отыр және дәрі-дәрмек қорымен қамтамасыз етілген. Жеке құрамның 2000 — нан астам адамы сақадай-сай, сонымен қатар 590 техника бірлігі мен 50 — ден астам мотопомпа әзірленіп қойылған.