Бүгін Тараз қаласы «ARAI PLAZA» бизнес орталығында қалалық «Алтын белгі» иегерлерін салтанатты марапаттау рәсімі өткізілді. Қала әкімі Ғалымжан Әбдірайымов «Алтын белгі» иегерлерін салтанатты түрде марапаттап, арнайы сыйлықтар тапсырды, — деп хабарлайды «Zhambylnews» АА.
Ағымдағы оқу жылында қалалық 54 орта мектеп пен 1 кешкі мектепті 2414 оқушы бітіруде. Оның ішінде қазақ тілінде — 1555, орыс тілінде — 837, өзбек тілінде — 22 түлек тәмамдайды. Сондай-ақ, түлектердің 58-і «Алтын белгі», 29-ы үздік аттестат иегері болды.
Тағы айта кетерлігі, қаладағы орта мектепті бітірушілердің 24-і халықаралық, республикалық пән олимпиадалары мен ғылыми жоба жарыстарының жүлделі орындарын иеленген.
Салтанатты шара барысында қала әкімі Ғалымжан Райылұлы бітіруші түлектерді құттықтап, алдағы 20,22-маусымда өтетін ҰБТ-дан жоғары балл алуларына сәттілік тіледі.
Ғалымжан Әбдірайымов, Тараз қаласы әкімі:
— Құрметті Жас түлектер! Елбасы Н.Ә.Назарбаев атап көрсеткендей, «Еркін елде өскен ұрпақтың рухы әрдайым биік болуы тиіс. Жастары жалын жүректі, өршіл намысты, биік рухты болса — ол елдің еңсесі де биік болады». Сіздердей білімге құштар жалынды жастар үшін алынбайтын асу, бағынбайтын белес жоқ. Алған білімдеріңіз бен жігерлеріңізді, жастық жалындарыңызды Отанымыз — Қазақстанға арнау Сіздерге жүктелер басты міндет.