Тараз қаласындағы жаңа мөлтек ауданына 5 жұлдызды қонақ үй салынады. Бұл туралы шаһар басшысы Ғалымжан Әбдірайымов алты ай көлемінде атқарылған жұмыстарға есеп барысында айтты, — деп хабарлайды «ZhambylNews» AA.
Қала әкімінің айтуынша, 2019 жылдың соңына дейін «Шахристан» этно-тарихи кешенінің құрылысын аяқтау көзделген. Бұл аумақта «Руханият» орталығының ғимараты, қолөнер галереясы, «Өлкетану» мұражайы, көркем сурет галереясы, көрме павильоны және «Ретро-фестиваль» амфитеатры бой көтеретін болады.
Ағымдағы жылы Асанәлі Әшімов атындағы шығармашылық орталығының құрылысы басталса, №15 мөлтек ауданның құрылысын жүргізудің жоспары келісіліп, жоспарға сәйкес «Тәуелсіздік» монументі алаңының аумағында Неке қию сарайы, Конгресс-холл, Оқушылар сарайы, гимнастикалық спорт кешені және жеңіл атлетика манежі орналастырылатындығын айтты. Бұдан бөлек, сол аумақта коммерциялық нысандар, оның ішінде Мұз айдыны сарайы, Қабылдау үйі, 5 жұлдызды қонақ үйі және Қаржы орталығы орналастыру жоспарлануда.
Сондай-ақ, саябақтар мен сверлер де жаңа келбет алмақ.