Әулиеата өңірінде спорт күні кең көлемде аталып өтті. Кәсіби мереке тамыз айының үшінші жексенбісіне белгіленген. Осыған орай облыс көлемінде түрлі іс шаралар ұйымдастырылды, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.
2019 жылғы 17 тамыз күні Қазақстан Республикасының Спорт күні кәсіби мерекесі аясында Қайрат Рысқұлбеков атындағы саябағында 420-дан астам адам қамтылған жасөспірімдер арасында алаңдағы тоғызқұмалақ, дартс, 2011-2012 жылдары туылған жасөспірімдер арасында кіші-футбол, жастар арасында стритбол, гір тасын көтеру, арқан тарту және орнынан ұзындыққа секіру спорт түрлерінен бұқаралық-спорттық іс-шаралар өтті.
Сонымен қатар, «Тараз-Арена» спорт сарайында «Спорт күні» кәсіби мерекесіне арналған облыстағы спорт мекемелерінің қызметкерлері арасында спартакиада өтті.
Спартакиада спорттың 6 түрі Кіші футбол, қол күрес, гір тасын көтеру, жеңіл атлетика, арқан тарту, жүзу бойынша өткізілді.
Жарысқа Тараз қаласы мен аудан әкімдіктерінің спорт бөлімдерінен, облыстық спорт мекемелерінен жасақталған 22 құрама командадан 462 адам қатысты.
Спартакиаданы өткізу, жалпы басшылықты ұйымдастыру Жамбыл облысы әкімдігінің дене шынықтыру және спорт басқармасы жүзеге асырды.
Облысымыздың спорт саласының қызметкерлерін марапаттап, құттықтауға Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Орынбеков Бекболат Серікбекұлы, Жамбыл облыстық мәдениет және спорт саласының кәсіподағы төрайымы Алшынбаева Жанна және Жамбыл облысы әкімдігінің дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысы Жүнісбеков Нұрбол Әбдімажитұлы қатысты.
Жарыстың мақсаты – салауатты өмір салтын насихаттау, бұқаралық спорт түрлерін дамыта отырып, спорт мекемелері арасында достық қатынасты орнату, сонымен қатар мекеме қызметкерлерін бұқаралық спортқа тарту мен дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде айналасуын қамтамасыз ету.
Тұрғындар арасында салауатты өмір салтын белсенді насихаттауға арналған шарада спорттық ойындардың бірнеше түрі қамтылды. Атап айтқанда жастар стритбол, тоғызқұмалақ, кіші-футбол, баскетбол сынды ойындардың көрігін қыздырды.
Сондай-ақ, тұрғындардың қызығушылығын арттыру мақсатында викториналық сұрақтар қойылып, жауап берілді. Белсенді қатысқандарға арнайы сыйлықтар табыс етілді. спорт мерекесіне арналған іс шара барысында спорттың дамуына сүбелі үлес қосып жүрген азаматтар Тараз қаласы әкімінің «Алғыс хатымен» марапатталды.