Қырғызстанда Ресей құрамына қосылу мүмкіндігі кәдімгідей талқыланып жатыр деседі. Бұл туралы кеше «Правда.ру» порталына берген сұхбатында Мәскеудегі қырғыз диаспорасының төрағасы, Қырғызстанның Ресейдегі бұрынғы елшісі Райымқұл Аттакуров айтыпты.
«Тарихи тұрғыдан алып қарағанда, Ресей мен Қырғызстанға бірігіп, бірге болу тағдыры жазылған. Талай ғасыр бойы біргеміз. Тарихымыз ортақ, болашақта да талай ғасыр осылай бола береді деп сенемін. Қазір көптеген қырғыздар республикалардың бірі ретінде Ресей құрамына қосылуды сұрап, Ресей Федерациясына жүгінгелі жүр», – деп дүңк еткізіпті Аттакуров.
Айтпақшы, бұрынғы елші Аттакуров қазір Ресей президенті жанындағы ұлтаралық қарым-қатынастар жөніндегі комиссияның сарапшысы екенін де айта кеткен жөн. «Қырғызстанда шынымен осы тақылеттес мәселе қарастырылып жатыр ма?» – деп нақты қойылған сұраққа бұрынғы елші нық сеніммен: «Иә, Қырғызстанда ондай әңгіме жиі айтылады», – депті.
«Қырғызстанда да, осы Мәскеудегі диаспоралық ортада да республиканың Ресей құрамына қосылу қажеттігі жиі көтеріліп, көп талқыланады. Әрине, мұны бас салып бірден жасай алмаймыз. Меніңше, уақыт өте келе, Ресеймен қосылу бағытына қарай жүру керек, өмірдің өзі бізді бірігуге итермелеп отыр», – деп мәлімдеген екен ол.
Ресейлік басылым мен оның қалың оқырмандарына әбден жағынайын десе керек, Аттакуров «Қырғызстан – орыс тіліне мемлекеттік, конституциялық мәртебе беріп қойған бұрынғы КСРО елдерінің арасындағы жалғыз мемлекет» деп тағы көсіледі.
«Қырғызстан халқының өзі осы шешімді таңдап отыр. Әрине, Қырғызстанның Еуразия экономика одағына кіріп отырғаны да көптеген бағыттарда оң нәтижелер әкелуде», – деп қосыпты Аттакуров.
Дереккөз: Zhasalash.kz