Сарысу  ауданында биыл оқу жылын 9 107 оқушы аяқтап отыр

0 12
Сарысу  ауданындағы 27 мектепте биылғы оқу жылын барлығы 9 107 оқушы аяқтап отыр. 379 оқушы 11-ші сыныпты аяқтап, үлкен өмірге қадам басқалы тұр.
Аудан бойынша 8 оқушы «Алтын белгіге», 38 оқушы «Үздік аттестатқа» үміткер.
Жаңатас қаласындағы Абылайхан мектеп-лицейінде өткен соңғы қоңырау кешіне аудан әкімі аппаратының басшысы Жұмат Сақыпбеков, білім бөлімінің басшысы Ильяс Баймағамбетов, ата – аналар мен ұстаздар қатысты.
Салтанатты шара Әнұранмен басталды. Аппарат басшысы Жұмат Сақыпбеков оқушыларды, ұстаздарды, ата-аналарды кезекті оқу жылының аяқталуымен құттықтап, жас түлектерге өзінің ақ тілегін жеткізді.
Ұлттық бірыңғай тестілеуді өз деңгейінде тапсырып, жоғарғы көрсеткіштерге қол жеткізуіне, бойына отансүйгіштік қасиет дарыған, білімді, ой-өрісі кең азамат болып қалыптасып, өмірден өз орындарын табуына тілектестігін білдіріп, қадамдарына сәттілік тіледі.
Ауданда сапалы әрі заман талабына сай білім алу, білім саласын дамыту, материалдық-техникалық базасын жақсарту үшін барлық жағдайдың жасалып, ауқымды жұмыстардың атқарылып жатқандығын, биыл осы Абылайхан мектеп-лицейі күрделі жөндеуден өтетіндігін айтып өтті.
Сондай-ақ салтанатты шарада аудандық білім бөлімінің басшысы И. Баймағамбетов құттықтау сөз сөйлеп, мектеп директоры Р. Қамбарбаева сабақта, қоғамдық жұмыстарда үздік оқушыларды марапаттады.
Мектеп оқушылары, бітіруші жас түлектер өнерлерін көрсетіп, түлектер қоштасу вальсін биледі.
Соңғы қоңырау, жанарларын қимастық сезімі жайлаған түлектерге сәт сапар тілегендей сыңғырлай соғылды.
Осындай мерекелік шара аудан әкімінің орынбасарлары, аудандық мәслихат төрағасы және аудандық мекеме, кәсіпорын басшыларының қатысумен барлық аудан мектептерінде өтуде.
Leave A Reply

Your email address will not be published.